Трамп Портлендке әскер жіберуге бұйрық берді
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп елдің батыс жағалауындағы ірі қала Портлендке, сондай-ақ Иммиграция және кедендік бақылау қызметінің (ICE) нысандарына әскер кіргізуді тапсырды, деп хабарлайды ВВС.

– Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэмнің өтініші бойынша соғыс министрі Пит Хегсетке соғыстан титықтаған Портлендті және Антифа мен өзге де ішкі террористердің қоршауында тұрған ICE нысандарын қорғау үшін қажетті әскердің бәрін жіберуді тапсырдым. Қажет болған жағдайда толық күш қолдануға да рұқсат етемін, – деп жазды Трамп Truth Social платформасында.
Лос-Анджелес, Вашингтон және Мемфистен кейін Портленд президент әскер жіберген АҚШ-тағы төртінші қала болмақ.
Портленд мэрі, Демократиялық партия өкілі Кит Уилсон бұған дейін Трамптың әскер кіргізу жоспарына қарсы екенін мәлімдеген еді.
– Мен федералдық биліктің араласуын сұраған жоқпын әрі оған мұқтаж емеспін, – деді ол.
Соңғы айларда Портлендте ICE кеңсесінің алдында Трамп әкімшілігінің кеңінен анықталатын заңсыз иммигранттарға қарсы шараларын қатаңдатуына байланысты наразылық шерулері өтіп келеді.
Трамп өз жазбасында Ұлттық гвардияны, әлде АҚШ-тың тұрақты қарулы күштерін тартатынын нақтылаған жоқ.
Еске сала кетейік, тамыз айында АҚШ президенті ел астанасында қылмыс бақылаудан шығып кеткенін мәлімдеген соң үш штаттың губернаторлары Вашингтонға Ұлттық гвардия сарбаздарын жіберген еді.
Ол кезде Трамп баспанасыздарды қаладан кетуге тиіс деп айтқан болатын. Кейін әскер тағы бір штатқа енгізілді.