Трамп Путин мен Лукашенконы Газа бойынша «Бейбітшілік кеңесіне» шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Путин мен Алксандр Лукашенконы Газа секторындағы жағдайды реттеумен айналысатын «Бейбітшілік кеңесіне» шақырды, деп хабарлайды DW.
Кремль бұл ұсыныстың әзірге зерделеніп жатқанын, оның егжей-тегжейі америкалық тараппен нақтыланатын мәлімдеді. Ал Беларусь Сыртқы істер министрлігі Александр Лукашенконың бастаманы оң қабылдап, жаңа орган жұмысына қатысуға дайын екенін жеткізді.
Бұған дейін дәл осындай шақыртулардың Қазақстан мен Венгрияға да жолданғаны хабарланған еді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы тұрақтылықты нығайтуға және мемлекеттер арасындағы өзара сенімді дамытуға үлес қосуға ниетті екенін айтты. Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан да «Бейбітшілік кеңесіне» қосылуға дайын.
Шақырту шамамен 60 мемлекетке жіберілген. Олардың қатарында Еуроодақтың бірқатар елі, сондай-ақ Түркия, Канада, Өзбекстан, сондай-ақ Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен де бар.
Ал Франция президенті Эмманюэль Макрон Дональд Трамптың бұл бастамасына қатысуды жоспарлап отырған жоқ.
Қытайға шақырту жолданбаған, ал Германия ұсынысты байыпты қабылдап, халықаралық реттеудегі БҰҰ-ның жетекші рөлін атап өтті. Ал Аргентина, Венгрия, Түркия, Пәкістан, Мысыр, Иордания, Қатар және Италия тиісті ұсыныстарды алғанын растап, оларды қабылдауға келісім білдірді.
Вашингтонның тұжырымына сәйкес, «Бейбітшілік кеңесі» Газадағы бейбіт дамуға қатысты міндеттемелердің орындалуын стратегиялық тұрғыда бақылауға, халықаралық ресурстарды жұмылдыруға және жалпы үйлестіруге жауапты болмақ.
Ақ үйдің хабарлауынша, құрылтайшы атқарушы кеңестің (founding executive board) құрамына дипломатия, девелопмент, инфрақұрылым және экономикалық стратегия салаларында тәжірибесі бар жеті көшбасшы енеді.
Осыған дейін Трамп Газа бойынша Әлем кеңесі құрылатынын мәлімдегені туралы жаздық.