Трамп: Ресей мен Украина 8 тамызға дейін бейбіт келісімге келуі тиіс
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украинаның 8 тамызға дейін бейбіт келісімге келуі тиіс деп санайды. Бұл туралы БҰҰ жанындағы АҚШ-тың уақытша өкілі Джон Келли Қауіпсіздік Кеңесінің Украинаға арналған отырысында мәлімдеді, деп жазады ТАСС.

– Ресей мен Украина атысты тоқтату және ұзақмерзімді бейбітшілік орнату жөнінде келісімге келуі керек. Келісім жасайтын уақыт келді. Президент Трамп бұл келісім 8 тамызға дейін жүзеге асуы тиіс екенін анық білдірді, – деді ол.
Келлидің айтуынша, «АҚШ бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қолдануға дайын».
Бұған дейін Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы келісімге 50 күндік мерзім белгілегенін, егер уағдаластыққа қол жеткізілмесе, Мәскеуге және оның сауда әріптестеріне 100 пайыздық сауда баждарын енгізетінін айтқан болатын.
Дүйсенбі күні ол Ресей мен бейбіт процестегі ілгерілеушілікке көңілі толмайтынын айтып, бұл мерзімді 10-12 күнге дейін қысқартатынын мәлімдеді.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ақ үй басшысының мәлімдемесімен танысқанын және Кремль оны назарға алғанын хабарлады.