Трамп Tesla электр көлігін сатып алды
ВАШИНГТОН. KAZINFORM – АҚШ президенті компания иесіне әділетсіздік жасалып жатқанын айтты, деп жазады Анадолы.

АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің кеңесшісі әрі компанияның бас директоры Илон Маскты қолдау белгісі ретінде Tesla көлігін сатып алды.
Америкалық көшбасшы Tesla көлігін Ақ үйдің ауласына айдап кіріп, камералар алдында Маскпен бірге суретке түсті.
Ақ үй басшысы әдетте көлік жүргізбейтінін, бірақ Маскты қолдайтынын білдіру үшін көлік сатып алатынын атап өтті.
– Мен оны сатып аламын, өйткені бұл, ең алдымен жақсы өнім. Екіншіден, ол өзінің күші мен өмірін осыған арнады, менің ойымша, оған әділетсіздік жасалды, – деді АҚШ президенті.
Мемлекет басшысы Tesla дилерлеріне қарсы вандализм актілері «ішкі лаңкестік актілері» ретінде жіктелетінін және жауаптыларды ауыр зардабы күтіп тұрғанын атап өтті.
Трамп Ақ үйдің сыртында тұрған көліктер арасынан қызыл Tesla Model S көлігін таңдап алып, фотоға түсті.
- Өкінішке қарай, мен көлік жүргізе алмаймын. Көлік басқармағаныма көп болды, маған негізі көлік жүргізген ұнайды. Бірақ бұл көлік Ақ үйде болады, мен қызметкерлеріме оны пайдалануға рұқсат беремін, – деді Трамп Ақ үй сыртында журналистерге.
Айта кетейік, 2 және 8 наурызда АҚ- аймақтарындағы Tesla автосалондарының алдында демонстрациялар өтті. Наразылық акциясы кезінде тұтқындаулар болды.