Трамп: Украинада президент сайлауын өткізетін уақыт келді
АСТАНА. KAZINFORM – Ақ үй президенті Дональд Трамп Politico басылымына берген сұхбатында Украинада жаңа президент сайлауын өткізуді қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Америкалық көшбасшы Украинада жалғасып жатқан қақтығысқа қарамастан, жаңа президент сайлауын өткізетін уақыт келгенін мәлімдеді. Оның пікірінше, сайлау өткізуден бас тарту демократия қағидаттарына қайшы.
Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийдің тағы да жеңіске жету мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
- Кімнің жеңетінін білмеймін. Бірақ оларда сайлау көптен бері болған жоқ. Білесіздер ме, олар демократия туралы айтады, бірақ қандай да бір сәтте ол енді демократия емес, - деді Ақ үй басшысы.
Украинадағы келесі президент сайлауы кесте бойынша 2024 жылы өтуі тиіс еді, алайда Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа байланысты кейінге қалдырылды.
Еске сала кетсек, қараша айының соңында Трамптың Украинадағы бейбітшілік жоспарының барлық 28 тармағы жарияланды.
Бұған дейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Украина мәселесі бойынша 9 желтоқсанда ашық отырыс өткізетінін жазған едік.