Трамп: Венесуэла АҚШ-қа 30-дан 50 млн баррельге дейін мұнай жеткізеді

АСТАНА. KAZINFORM – Венесуэла АҚШ-қа 30-дан 50 млн баррельге дейін жоғары сапалы мұнай жеткізеді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.

мұнай
Фото: deriv.com

- Венесуэланың уақытша билігі Америка Құрама Штаттарына 30-дан 50 млн баррельге дейін жоғары сапалы, пайдалануға рұқсат етілген мұнай беретінін хабарлауға қуаныштымын. Бұл мұнай нарықтық бағамен сатылады, ал мен Америка Құрама Штаттарының президенті ретінде бұл қаражаттың Венесуэла мен Құрама Штаттар халқының игілігі үшін пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін оларды қадағалаймын! Мен энергетика министрі Крис Райтқа бұл жоспарды дереу жүзеге асыруға кірісуін тапсырдым. Мұнай сақтау кемелерімен тікелей Құрама Штаттарындағы түсіру айлақтарына жеткізіледі, - деп жазды АҚШ президенті Дональд Трамп 7 қаңтарда өзінің TruthSocial әлеуметтік желісіндегі аккаунтында. 

Еске сала кетсек, 3 қаңтарда АҚШ Венесуэлаға қарсы операция бастап, президент Николас Мадуро мен оның әйелін тұтқындады. Кейінірек АҚШ президенті Дональд Трамп Мадуро мен оның әйелі Нью-Йоркке кемемен жеткізілетінін жариялады. 

Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флореске есірткі терроризмін ұйымдастырды, кокаин импорттауға және АҚШ-қа қарсы пулеметтер мен жарылғыш құрылғылар сақтау ісіне қатысты деген айып тағылды. 

Сол күні Венесуэланың Жоғарғы Соты вице-президент Делси Родригеске толық президенттік өкілеттік берді. 

Делси Родригес Венесуэланың уақытша президенті ретінде ант берді. 

6 қаңтарда Мадуро мен оның әйелі Бруклиндегі Метрополитен ұстау орталығынан тікұшақпен Манхэттендегі тікұшақ алаңына күшейтілген күзетпен жеткізілді. Содан кейін тыңдаудан бірнеше сағат бұрын кортежбен сот ғимаратына жеткізілді. Биліктен қуылған Венесуэла көшбасшысы мен оның әйелі кінәсін мойындамады. Келесі сот тыңдауы 17 наурызда өтеді.

Бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы және бірнеше елдің билігі АҚШ бастаған Латын Америкасы еліне жасалған ірі әуе шабуылынан кейін Венесуэладағы жағдайға алаңдаушылық білдірген болатын.

Соңғы жаңалықтар