Трамп Жапониямен «ең үлкен» баж келісімі туралы мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM – Дональд Трамп АҚШ-тың Жапониямен сауда келісімін орнатқанын, оған сәйкес жапондық тауарларға 15 пайыздық баж салығы енгізілетінін мәлімдеді. Трамп бұған дейін егер келісімге қол жеткізілмесе, 1 тамыздан бастап Жапонияға 25 пайыз мөлшерінде баж салығын енгізетінін айтып қорқытқан болатын, деп хабарлайды ВВС.

- Жаңа ғана Жапониямен үлкен мәміле жасадық, бұл тарихтағы ең үлкен келісім болуы мүмкін, - деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде.
Оның айтуынша, бұл келісімге сәйкес Жапония «өзінің нұсқауы бойынша» АҚШ-қа 550 млрд доллар инвестиция салатын болады. Трамп АҚШ пайданың 90 пайызын алатынын мәлімдеді, бірақ қосымша мәлімет ұсынған жоқ.
Жапония премьер-министрі Сигэру Исибаның мәлімдеуінше, Трамп жариялаған келісімге түсінік бермес бұрын оның егжей-тегжейін зерделеу керек.
- Келіссөз қорытындыларын бағалауға келетін болсақ, біз келіссөз мен келісімнің егжей-тегжейлерін мұқият зерттемейінше мен оны талқылай алмаймын, - деді ол Токиода тілшілерге.
Бұған дейін АҚШ Жапония мен Оңтүстік Корея тауарларына 25% кедендік баж енгізтіні туралы жазған болатынбыз.