Трамптың кедендік тарифі Қазақстан экспортына қалай әсер етеді
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин АҚШ президентінің 25% кедендік тарифі Қазақстан экспортына қалай әсер ететінін айтып берді.

— Президент Дональд Трамп Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея және Малайзиядан келетін барлық тауарға 25% кедендік тариф енгізетінін жариялады. Дегенмен, келіссөздер әлі жалғасып жатыр. Бұл тарифтің күшін жою ықтималдығы бар ма, оны кімдер талқылап жатыр және түпкілікті шешім қандай факторларға байланысты болмақ? Сондай-ақ, бұл жағдай біздің АҚШ-пен қарым-қатынасымызға кері әсерін тигізе ме, — деп сұрақ қойды тілшілер Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Өз жауабында министр бұл тариф Қазақстан экспортының небәрі 4,8%-ына ғана қатысты екенін, оған фосфор, ферросилиций, бидай глютені және аммиак селитрасы кіретінін айтты.
— Мысалы, ферросилиций бойынша 2024 жылы АҚШ-қа экспорт көлемі 8 мың тонна болды. Оны ERG компаниялар тобы құрамындағы «Қазхром» жеткізген. Сол жылы жалпы өндіріс 57 мың тонна болды. Қажет болған жағдайда бұл өнімді басқа нарықтарға бағыттау қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Сары фосфорға келсек, 43 мың тонна өнімнің тек 2,2 мың тоннасы ғана АҚШ-қа экспортталды. Бұл өнімді Жамбылдағы фосфор зауыты шығарады. Ал аммиак селитрасы, яғни аммоний нитраты, 2025 жылы мүлде экспортталмаған. Оны «ҚазАзот» компаниясы өндіреді, — деді Серік Жұманғарин.
Ал бидай глютені солтүстік Қазақстандағы BioOperations кәсіпорнында шығарылады. Оның иесі қазір Қостанай облысында тағы бір зауыт салып жатыр. Бұл өнімнің көлемі едәуір жоғары — биылғы алты айда 6,5 мың тонна өндірілген. Қажет болса, министр бұл кәсіпорынды қолдайтын нақты тетіктер барын айтуда.
— Кейбір деректерде тауар атаулары мен сомалар асыра көрсетілген, мысалы, 100 млн доллардың орнына 200–300 млн доллар деп берілген. Бұған себеп — Қазақстанның теңізге тікелей шығатын жолы болмағандықтан, көптеген тауарымыз халықаралық трейдерлер арқылы сатылады. Олардың қай бағытпен, қай ел арқылы кетіп жатқанын біле бермейміз. Мұндай жағдайда АҚШ бұл өнімді ресми түрде Қазақстаннан импортталды деп есептейді, бірақ іс жүзінде ол біз үшін стратегиялық маңызы жоқ реэкспорт тауарлары болуы мүмкін. Соған қарамастан, келіссөздер жалғасып жатыр. Біз АҚШ тарапына өз ұсыныстарымызды жолдадық. Уақыты келгенде оларды қарастырып, талқылауды жалғастырамыз, — деді министр.
Айта кетелік Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Жасыл Даму» компаниясының Kcell-дің 5% үлесін сатып алғаны туралы тілшілер сұрағына жауап берген еді.