Трамптың туған күнінде АҚШ-та ауқымды әскери парад өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — 14 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамптың туған күнінде армияның мерейтойы құрметіне өткізілетін парад 45 млн долларға түсуі мүмкін, деп хабарлайды CBS News.

Аталған шара 14 маусымда АҚШ армиясының 250 жылдығын тойлау аясында өтеді, ол президент Трамптың 79-шы туған күнімен тұспа-тұс келеді және оған 25 млн-нан 45 млн долларға дейін қаражат жұмсалады деп болжанып отыр.
Вашингтонда Колумбия округінде парадқа 100-ден астам көлік пен мыңдаған сарбаз, сондай-ақ Азаматтық авиацияның федералдық басқармасымен «кеңірек үйлестіруді» қажет ететін 50 тікұшақ қатысады деп күтіліп отыр.
— Президент Трамп АҚШ армиясының туған күнін 250 жыл бұрын ұлы еліміз құрылғаннан бері қызмет еткендердің барлығына құрмет көрсететін әскери парадпен атап өтеді, — деді Ақ үйдің баспасөз өкілі Анна Келли.
Трамп бұл жоспарларын осы айдың басында растады.
— Бізде үлкен, әдемі парад өтеді, — деді президент NBC арнасының «Баспасөзбен кездесу» бағдарламасында.
Президент сондай-ақ бұл шара оның туған күніне байланысты емес екенін айтты. Баға туралы сауалға Трамп бұл «оқиғаның құнымен салыстырғанда аз ақша» болатынын хабарлады.
— Бізде әлемдегі ең жақсы зымырандар бар. Әлемдегі ең жақсы суасты қайықтары бізде. Әлемдегі ең жақсы танктер бізде. Бізде әлемдегі ең жақсы қару бар. Біз осыны тойлаймыз, — деді Дональд Трамп NBC News-ке берген сұхбатында.
Бұл жоспарлар демократтар тарапынан біраз сынға ұшырады. Осы айдың басында Теннесси өкілі Стив Коэн жоспарды ысырап деп атады және мәлімдемесінде: «Бас эгоист салық төлеушілерден оның туған күнінде әскери парад үшін ақша төлеуін қалайды» деп жазды.
Трамптың әскери шерулерге деген қызығушылығы көп жыл бұрын бастау алады. Өзінің бірінші мерзімінде 2017 жылы Францияға сапары кезінде президент Бастилияны алу күніне арналған жыл сайынғы шеруді жоғары бағалап, 4 шілдеде (АҚШ Тәуелсіздігі күні — ред.) «біз одан асып түсуіміз керек» деп ұсынды.
Бір жылдан кейін әкімшілік Ардагерлер күніне арналған шеруді жоспарлауды бастады, бірақ іс-шараның 92 млн долларлық құны анықталып, демократтардың сынынан кейін шеру кейінге қалдырылды.
Бұған дейін демократтар ұшақты сыйлық ретінде қабылдаған Трампты сынға алды.