Траншея қазып, табиғатқа зиян келтірушілердің жерлері мемлекет меншігіне алынады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Қызыл кітапқа енген бауырымен жорғалаушылар мен үй жануарлары траншеяда өліп кетіп жатыр.

Өңірде ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жерлерден траншея қазып, заңсыздыққа жол берген 6 азаматтың ісі сотта қаралып жатыр. Заң бұзушыларға жалпы құны 1 миллион 600 мың теңгеден астам айыппұл салынған.
Сондай-ақ, заңбұзушылықты жою жөніндегі 17 нұсқама табысталған.
- Шаруалар өз жерлеріне мал-жануарлар кірмеуі үшін жер заңнамасының талабын бұзып, белгіленген жер телімдерін айналдыра қазып тастайды. Департамент тарапынан әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 339 бабына сәйкес шара қолданылып, 3 айға заң бұзушылықты жою жөнінде нұсқама табысталады. Сол үш ай мерзім ішінде заң бұзушылық қайта қалпына келтірілмесе, жерді сот арқылы мәжбүрлеп алып қою жөнінде жұмыстар атқаратын боламыз, - дейді Түркістан облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының міндетін атқарушы Жамбыл Сапарбеков.
Айта кетейік, бұдан бұрын Оңтүстікте Қызыл кітапқа енген жануарлар траншеяға түсіп өліп жатқанын жазған болатынбыз. Яғни, ауыл шаруашылығы мақсатында жер алған шаруалар аумағын арнайы материалдармен қоршап шығындалмай-ақ айналасын бір метр тереңдікте қазып тастайды. Бұл тәсіл шаруаға тиімді болғанымен табиғатқа орасан зор залалын тигізіп отыр.
Атап айтар болсақ, түрлі бауырымен жорғалаушылар мен үй жануарлары сол траншеяға түсіп қайта шыға алмай, өліп кетіп жатыр. Олардың ішінде қызыл кітапқа енген жануарларда бар.