Трансплантология: мұқтаждар тізімі отаның көптігінен емес, донордың жоқтығынан қысқарып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда донор ағзасын күту тізімінде 4 226 адам тұр. Оның ішінде 128 бала бар. Бүйрек трансплантациясына – 3 828, бауырға - 219, жүрекке - 146, өкпеге – 27 науқас мұқтаж. Мұндай деректерді Денсаулық сақтау министрлігі келтіріп отыр.

Елімізде бірінші рет бүйректі бүйректі айқас  транспланттау отасы жүргізілді
Фото: gov.kz

Донор жетіспейді

Ағза трансплантациясы - өзгеге өмір сыйлау, яғни сау адамның ағзасын немесе тіндерін науқастарға беру процесі. Бұндай үдерістер донордың тірі кезінде немесе қайтыс болғаннан кейін жүзеге асырылуы мүмкін.

Елде ең көп жасалатын операция бүйрек трансплантологиясы. Бұл органға сұраныс та жоғары. 3 800-ден астам адам кезегін күтіп жүр. 80 пайыз жағдайда туыстары донор болып, қатерден құтқарып қалады. Қазір Астанадағы гемодиализ орталығында бос орын жоқ. Мұнда бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан науқастардың қанын жасанды жолмен тазалайтын құрылғының он шақтысы бар. Бұл аппараттарға жүздеген адам таңылған. Людмила Штендфельдтің гемодиализ алып жүргеніне он алты жыл болыпты. Барлығы тұмаудан басталған, ауруы кейін асқынып кетеді.

- Дәрігерлерге қаралдым. Алдымен жүрек пе деп болжады. Емдеді. Болмады. Кейін бүйректерім істен шыққанын білдім. Қазір екі бүйрегім де жұмыс істемейді. Донор іздеп көрдік болмады. Қазір мында жұмысқа келгендей келеміз. Жарты күн жатып, ем алып кетеміз. Қаланың сыртында тұрамын. Бар амал осы, - дейді ол.

Мұнда ем-дом тегін. Медициналық сақтандыру аясында қызмет көрсетіледі. Гемодиализ қабылдайтындардың ішінде жастар да бар. Науқастар бұл жерден туыс-жақындары донор болғанда ғана біржола кетеді. Ал, мәйіттік донордың ағзасы сай келіп, сауығып кететіндер некен-саяқ.

траслантология
Фото: видеодан алынған скрин

Шымкенттік Мейіржан Маден 7 жыл бүйрек ауруымен күресіп келеді. Астана, Алматыға барып, дертіне дауа іздеген. Алайда нәтиже болмапты. Сондықтан соңғы жылдары диализдің көмегімен жүрген. Әкесінің бүйрегі сай келетінін дәрігерлер жақында сүйіншілеп, әке балаға жаңа өмір сыйлады.

- Жеті жыл қиналдым. Бармаған жерім жоқ. Үмітім үзіле бастағанда дәрігерлер қуанышты хабарды жеткізді. Қазір жағдайым жақсы. Барлығына алғысым шексіз, - деп ағынан жарылды Мейіржан.

донор
Фото: видеодан алынған скрин

Ал Түркістан облысында 19 жастағы қыз өзінің анасына бауырын бөліп берді. Эльвира - отбасындағы бес перзенттің ортаншысы. Қаршадай қыз алты жыл бойы анасының қиналғанын көріп дәрігерлерге өз бауырын алуды ұсыныпты. Медициналық сараптамалардың оң нәтижесінен кейін бірден операция жасалды. Білікті дәрігерлер 48 жастағы науқастың жарамсыз бауырын толық алып тастап, орнына қызының бауырының жартысын салып берді.

- Бұл ота туралы естіген кезде бізде екінші мүмкіндік оянды. Маманы көндірдік. Бұл жаққа келіп толық консультация өттік. Анам ауыр жағдайда болатын. Сап-сары болып кеткен. Құдайға шүкір, қазір жағдайы қалыпты. Жағдайым жақсы 2-3 күннен кейін жүріп кеттім. Барлығы осы дәрігерлердің көмегімен, соларға мың алғыс айтамын, - дейді Эльвира Сахавиддинова.

Туыстық бауыр алмастыру операциясы 6-7 сағатқа созылған. Анасы мен қызының отасы қатар жүргізілді.

дәрігер
Фото: видеодан алынған скрин

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Жанболат Ділдәбековтің сөзінше, донор, яғни бауыр беретін адам сау болуы керек. Біз донорды әбден тексергеннен кейін барып, көзіміз жеткен соң операция жасадық. Ең бастысы, бауырын беріп жатқан науқас – донор сау келіп, сау кетуі керек, - дейді ол.

100 адамның жүрегіне трансплантация жасалды

Биыл елімізде 100-ші донорлық жүрек трансплантациясы сәтті өтті. 62 жастағы ер адам инсульттен ажал құшып, туыстары ағзалардың донорлығына келісім берген. Жүрек реципиенті - 54 жастағы Алматы қаласының тұрғыны, ер адам. Науқастың жағдайы жақсы. Алайда толық қалпына келгенше сұхбат бергісі келмеді.

Ал Гүлмира Смайылова 10 жыл бұрын жүрегін алмастырған. Ол сол күндерді қазір толқыныспен еске алды.

донор
Фото: видеодан алынған скрин

- Жүрекке ота жасау - оңай шаруа емес. Бастапқыда менде қорқыныш болды. Неше түрлі ойлар маза бермейтін. Бірақ, барлығын жеңдім. Қазір шүкір. Жағдайым жақсы. Бәрі ойдағыдай болды. Арнайы белгіленген уақыттарда дәрігерге қаралып тұрамын, - дейді.

Статистикалық деректерге сүйенсек, қазір Қазақстанда 146 адам жүрек трансплантациясы кезегінде тұр. Оның бесеуі - бала. Өкініштісі, тізім оталардың көптігінен емес, донордың жоқтығынан қысқарып жатыр, яғни қаншама адамның донор жүрекке жете алмай демі үзіледі.

транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру орталығының директоры
Фото: видеодан алынған скрин

- Бір өкініштісі, бізде балалар трансплантологиясы жоқ. Өйткені жүректің пішіні сай келмейді. Десе де кезекте тұрған адамдарға барынша өмір сыйлауға тырысуымыз керек. Ол, әрине, сіз бен біздің қолымызда. Салаға салмақты көзқараспен, түсінікпен қарайтын кез келді, - дейді республикалық транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру орталығының директоры Айдар Сейтқазинов.

Тимур
Фото: видеодан алынған скрин

Тимур Лесбеков - донорлық жүректердің қайта соғуына алтын қолымен атсалысып жүрген ақ халатты абзал жан. Кардиолог тірі жүректің жасанды жүректен айырмашылығы аспан мен жердей екенін айтады.

- Донор жүрегі ұзақ жыл соғады. 30 жыл өмір сүргендер бар. Біздің де бірінші реципиент 13 жыл бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Әрине, ағза қабылдамайтын жағдайлар болады. Егер бір-екі жылда орнығып кетсе, ары қарай проблема тумайды. Алайда уақыт өте келе артерия бұзылуы мүмкін. Тіпті ота жасаумен аяқталатын кездер болады, - деді University Medical Center корпоративтік қоры департаментінің директоры Тимур Лесбеков.

Жалпы Қазақстанда 7 транспланттау орталығы бар. Салада донор тапшы демесеңіз, мамандар сақадай сай, тың технологиялар қолданылады. Мәселен, отандық ғалымдар таяуда донорлық органдарды 24 сағат сақтайтын құрылғы ойлап тапты. Бұл әлемдегі екінші әрі ең заманауи трансплантациялау технологиясы болмақ. Әлемдегі баламасы - америкалық тәсіл. Әсіресе, жүректі сақтау, жеткізуде осындай құрылғылар аса қажет.

Трансплантология түйткілі

Трансплантологиядағы басты түйткіл – мәйіттік донор тапшы! Дәрігерлер дабыл қаққанмен, медицинаның бұл бағыты бізде дамымай отыр. Ол түсінікті де! Діни көзқарас, қорқыныш, менталитет тағысын тағы бар. Қазақстанда ағзалардың 85 пайызы тірі донорлардан алынады, ал шетелде керісінше, мәйіттік донордан ағза алу басым. Мысалы, 2024 жылы елде 86 донор анықталса, олардың 10-ы мәйіттік донорлыққа келісім берген. Алайда алтауының ғана ағзасы алынған. Қалған төртеуінің органдары жарамсыз болған. Бірақ сол алты донордың өзінен 23 ағза алыныпты. Мамандардың айтуынша, 2018 жылдан кейін донорлар саны күрт төмендеп кеткен. Оған себеп, сол уақытқа дейін келісім презумпциясы болып, кейін оны заңмен шектеген.

Назгүл
Фото: видеодан алынған скрин

- Келісім презумпциясы деген – адам тірі кезінде донорлықтан бас тарту туралы өтінішін тіркемесе, ол адам донор ретінде саналады. 2020 жылы денсаулық кодексіне өзгеріс енгізілді. Мұндай презумпция басқа елдерде жоқ. Бізде ғана бар. Одан бөлек, қайтыс болған адамның туыстарынан да сұрайтын болдық, - дейді Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының орынбасары Назгүл Жылгелдина.

Десек те, кез келген адам донор бола алмайды. Тәнінде аурудың бар-жоқтығы түгел зерттеледі. Маман айтқандай, адам ағзасын беруге тірі кезінде келіскенмен, туыстарының рұқсатынсыз ешкім ағзаны ала алмайды.

Мэлс
Фото: видеодан алынған скрин

- ТМД елдерінен алатын болсақ, көш бастап келе жатқан Беларусь мемлекеті. Оларда да келісім презумпциясы бар. Олар ешқандай туыстарынан рұқсат сұрамайды. Бізде де заңды өзгертетін болсақ, мысалы келісім презумпциясы қабылданатын болса, онда туысқандарынан рұқсат сұрамай орган алуға болады. Ал келіспеу презумпциясын алатын болсақ, бұл жерде де екі бағыттың біреуін таңдауымыз керек. Бұл жерде көзі тірісінде Қазақстанның азаматы келісім беріп, құжаты тіркелген кезде туысқандарынан рұқсат сұрап алу, жаңа айтылған қағидаларға тең келмейді, - дейді Ұлттық ғылыми онкология орталығы ағза транспланттау бөлімінің жетекшісі Мэлс Асықбаев.

Донор болғым келеді. Не істеп, қайда бару керек?

Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының орынбасары Назгүл Жылгелдина былай деп жауап берді:

- Донор боламын деп келіскен адам, ең бірінші мәйіттік донорға келісім береді. Мәйіттік донорға келісім берілгенде: eGov.kz платформасында денсаулық бұрышын таңдап, анкета толтырасыз. Бас тартасыз ба, келісім бересіз бе, өзіңіз таңдайсыз және қай ағзаларыңызды беретінге дейін бар.

Дәрігерлердің донор санын ұлғайту бойынша ұсынысы көп. Бірақ Заңның кейбір тұстары тұсау болып тұр. Қоғамдық һәм мемлекеттік мәселелерді көтеріп жүрген депутаттардың да пікірін білдік.

Таңсәуле Серіков
Фото: Мәжіліс

- Ол - өте қиын нәрсе. Себебі, ол бір банк ретінде болып тұр ғой. Маған қолдау жаса, кейін менің ішімдегі ағзамды аласың деген сияқты. Былай ақылға қонымды дүние. Бірақ заң жүзінде қалай жүзеге асырылады? Өйткені адамның ағзасына 100 пайыз кепілдік беретін не бір медицина, не бір заң жоқ. Кез келген оқыс жағдай болуы мүмкін. Бұл жерде біз басқаша қарауымыз керек. Басқа дамыған мемлекеттердің мысалын қарауымыз керек. Осы проблема оларда да туындайды. Демек, олар осы проблеманы шешіп жатыр. Қандай жолмен шешіп жатыр? Біз осыны қарауымыз керек. Иә, Қазақстанның пайымы бір жағынан дұрыс. Өйткені ол қандай себеппен келісім беріп тұрғаны түсініксіз ғой. Адамның өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Тиісті заң нормасын қабылдауға дайынбыз. Бұл жерде Үкіметтің қорытындысы немесе уәкілетті органның шешімі керек. Сол кезде ғана тиісті норма қабылданады, - деді Парламент Мәжілісінің депутаты Таңсәуле Серіков.

Туыстардың рұқсатынсыз органды алуға шектеу қоюдағы мақсат – ағзалардың заңсыз сатылымына жол бермеу. Алайда қара нарықта орган саудасы арагідік кездеседі. Мәселен, жақында Алматыда адам ағзасын сатумен айналысқан топ сотталды. Олардың арасында донор іздеушілер ғана емес, медицина қызметкерлері мен нотариустар да болған.

Айта кетейік, елімізде адам ағзаларын саудалаумен айналысқан әйел Польшада ұсталды.

Соңғы жаңалықтар