Тірек және магниттік мектептер жұмысын ұйымдастыруды заңдастыру қажет – Тамара Дүйсенова
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – «Ақтөбе облысында шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасының алғашқы жылы қорытындыланды. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова нормативтік-құқықтық актілерді енгізу, білім беру әдістемесін бір жүйеге келтіру, цифрлық платформалар мен электронды оқулықтарды заман талабына сай етуді міндетін жүктеді.
Ақтөбе облысында ауылдағы шағын жинақты мектеп балаларының білім сапасын арттыру үшін пилоттық жоба іске асырылды. Себебі PISA халықаралық зерттеу нәтижесіне қарайтын болсақ, шағын жинақты мектепте оқыған балалардың білімі жалпы білім беретін мектеп оқушыларымен салыстырғанда 1 жылға төмен болып шықты. Ақтөбедегі республикалық семинарға қатысқан ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова осы дәйекті мысалға келтіріп, өңірдегі жобаның мүмкіндіктерін қарап шықты.
– Шағын жинақты мектеп - әлемдегі үлкен проблема. Себебі бала саны өте аз, орталықтан шалғай орналасқан. Материалдық-техникалық жағдайы, интернеті, пәннен сабақ беретін мұғалімнің аз болуының өзі білім сапасына кері әсерін тигізеді. Біздегі пилоттық жобаның басты мақсаты - теңдік және әділдік. Оған қол жеткізу үшін үш фактор алдан шықты. Біріншіден, құқықтық-нормативтік актіні ретке кетіру. Ол үшін бізде министрліктің бұйрығы және облыс әкімінің өкімі болды. Екіншіден, қаржыландыру. Тозығы жеткен мектепке әдемі жабдықты қою үшін білім ордасын жөндедік. Оған облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Қаржы 134 шағын жинақты мектеп пен 12 аудан орталығында орналасқан 12 тірек мектепке жұмсалды. Сонымен бірге жергілікті бюджет есебінен 150 млн теңге бөлініп, жылдамдығы төмен немесе техникалық мүмкіндігі жоқ мектептерде интернет мәселесі шешілді. Үшіншіден, облыста үздік мұғалімдер анықталды. Үздік мектеп-гимназия, мектеп-лицейдің мұғалімдері негізгі жұмысымен қатар қосымша жүктеме алып, жобаға атсалысты. Оларға 30 пайыздық үстемеақы төленді, - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.
«Ауылдағы тірек мектептің әлеуметін арттыру», «Шағын жинақты мектептердің әлеуетін цифрлық технологияларды пайдаланып арттыру» жобаларына Ақтөбеден 146 мектеп қатысты. Әр ауданда бір тірек мектептен жасақталды. Жанына шағын мектептер жиналып, тірек мектептер ресурстық орталыққа айналды.
– Модельдің ерекшеліктеріне қарай 8-ден 12 пайызға дейін баланың білім сапасы, деңгейі өсті. Оны сыртқы мониториг арқылы бақыладық. Тірек мектептерде 30-32 кабинет, шағын жинақты мектептерде екі кабинеттен жаңартылды. Мыңнан астам педагог оқытылып, 200-ге жуық мектеп басшысы біліктілігін көтерді,- деді Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
Ақтөбе облысы бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастырады. Облыс әкімі Асхат Шаһаров бюджеттің 60 пайызы осы салаға жұмсалатынын айтып, жұмысты жалғастыруға уәде берді.
– Ақтөбе облысының жобасын қорытындыладық. Бірақ шешілуі керек мәселелер бар екен. Оқу-ағарту министрлігі жоба аясында нормативтік мәселерді шешу жолын қарастыруы керек. Қажет жағдайда нормативтік актілерге өзгеріс енгізуді ұйымдастырамыз. Тірек мектептерді заңдастыру керек екені жөнінде де айтылды. Цифрлық технологияға байланысты құжаттарды да қайта қарауымыз керек. Әсіресе цифрлық платформаларға, электронды оқулықтарға қойылатын талаптар заман талабына сай жетілдірілуі қажет. Себебі әр облыста әртүрлі әдістеме бар. Бір стандартта жұмыс істеуді қарастыру қажет. Шағын жинақты мектептердің әлеуетін одан әрі дамытуға әсер ететін факторларды анықтау үшін зерттеулер жүргізуді ұйымдастыруымыз, - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова.
Ал, «Қазақстан халқына» қоры басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева мұны мектептің материалдық-техникалық базасын көтеру емес, басқа мектептерге тірек болатын әдістеме орталығы деп қарауды ұсынды.
Еске салсақ, былтыр Ақтөбеде шағын жинақты мектептерді дамыту пилоттық жобасы қолға алынды.