Тіс емдеткен баланың өлімі: Сот ДСМ мен прокуратураға үндеу жолдады

АСТАНА. KAZINFORM — Тіс емдеткен үш жасар қыздың өліміне байланысты сот қорытындысы бойынша стоматологиялық клиника басшысына жеке үкім шығарылды.

стоматолог
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Сот кезінде анықталған заңсыздықтар Денсаулық сақтау министрлігіне, Астана қаласының полиция департаментіне, прокуратураға жолданды.

Аталған жеке қаулыда Денсаулық сақтау министрлігіне балаларға анестезия қолдану ережелерін қайта қарау ұсынылған. Ал құқық қорғау органдарына клиника қызметкерлерінің іс-әрекеті мен әрекетсіздігіне заңдық баға беру тапсырылды.

Сот отырысында тіс емдейтін клиника заңда көрсетілген міндеттерін орындамаған.

— Жеке стоматологиялық клиника басшылығы заң талаптарын орындамаған. 2023 жылдың 26 сәуіріндегі № 78 бұйрықтың 12.27 тармағы бұзылған. Өйткені анестезиолог дәрігер жоспарлы емдік процедурадан 24-48 сағат бұрын пациентті көзбе-көз қарамай, қашықтан сөйлесу арқылы анестезияға жіберген, — деді ол.

Үкімде балаға медициналық көмек көрсетуге тартылған адамдардың тиісті біліктілігін растайтын құжаттары жоқ екені де айтылған. Ал ота бөлмесі міндетті реанимациялық жабдықпен, оның ішінде дефибрилятормен жабдықталмаған. Анестезиологияға арналған жабдық техникалық тексерістен өткізілмегені анықталған.

Судьяның айтуынша, бұл Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы желтоқсандағы бұйрығына қайшы.

Жеке қаулыда арнайы жедел медициналық көмек бригадасы уақытында шақырылмағаны да көрсетілген.

— Сот қорытындысы бойынша, анықталған заңсыздықтар жүйелі және ұйымдастырушылық сипатқа ие. Медициналық ұйым басшылығы міндеттерін дұрыс орындамаған. Аталған жайттар бала денсаулығын қорғау саласындағы заң талаптарының бұзылғанын, анестезиологиялық көмек стандарттарының сақталмағанын және жеке медициналық ұйымдардың қызметіне жеткілікті бақылау жоқ екенін дәлелдейді, — деді судья.

Осындай жайттар қайталанбау үшін Денсаулық сақтау министрлігіне іс барысында анықталған жүйелік кемшіліктерді жоятын нормативтер қабылдау керектігі туралы ұсыныс жолданатын болды. 

— Жеке қаулыны Астана қаласы полиция департаменті мен Астана қаласы прокурорына жолдансын. Клиника басшылығы мен басқа медициналық қызметкерлердің іс-әрекетін, әрекетсіздігін жан-жақты және объективті тексеріп, заңды бағасын беру қажет. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 405-бабының алтыншы бөліміне сәйкес, жеке қаулы бойынша қабылданған шаралардың нәтижесі бір айдың ішінде сотқа хабарлануы тиіс, — деді судья.

Бұған дейін сот үш жасар қыздың өліміне кінәлі деп айыпталған анестезиологқа қатысты үкім шығарғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар