ЦАХАЛ: Израиль Иранның ядролық жобасына қатысты инфрақұрылымға соққыларды аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль армиясы (ЦАХАЛ) Иранның ядролық қару жобасына қатысы бар инфрақұрылымға әуе соққыларының ірі сериясын аяқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды BBC.

ЦАХАЛ өкілдерінің хабарлауынша, әуе шабуылы кезінде Тегерандағы Иран Қорғаныс министрлігінің штабы, SPND ядролық жобасының штабы және Иран режимінің ядролық қаруға ұмтылуына ықпал еткен басқа да нысандар нысанаға алынған.
Иранның Tasnim агенттігі бұған дейін Израиль соққысынан Қорғаныс министрлігінің әкімшілік ғимараты жеңіл зақымданғанын, сондай-ақ Иран Қорғаныс министрлігіне қарасты Қорғаныс зерттеулері мен инновациялар ұйымы (SPND) зардап шеккенін хабарлаған еді.
15 маусымға қараған түні Иран Израильге баллистикалық зымырандар мен дрондарды қолдана отырып жаппай шабуыл бастаған болатын. Fars агенттігінің хабарлауынша, шабуыл Израильдің стратегиялық энергетикалық инфрақұрылымын нысанаға алған.
Еске салайық, 13 маусымға қараған түні Израиль Иран аумағына жаппай соққы жасаған. Оған жауап ретінде Тегеран жүзден астам дронды Израиль бағытына ұшырған. Иран Натанздағы ядролық нысанның зақымданғанын растады, алайда радиацияның таралуын жоққа шығарды.
БҰҰ-дағы Иран өкілі Израильдің әуе соққылары салдарынан 78 адамның қаза тапқанын, тағы 320-дан астам адамның жарақат алғанын мәлімдеді. Қаза болғандар қатарында Иранның жоғары әскери басшылығы мен жетекші ғалымдар бар.
Сондай-ақ Израильдің шабуылдарынан кейін Иран Ормуз бұғазын жабу мүмкіндігін қарастырып жатқанын Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комитет мүшесі Эсмаил Косари хабарлады.
Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздерге араағайындық жасап жүрген Оман Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди Маскатта жексенбі күні өтуі тиіс кездесудің енді өтпейтінін растады.
Иран Президенті Эммануэль Макронмен сөйлесу кезінде Израиль шабуылдарын тоқтатпайынша АҚШ-пен ешқандай келіссөз жүргізілмейтінін мәлімдеді.