Цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу керек – Президент

БУРАБАЙ. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға кеңінен енгізу туралы айтты.

Жасанды интеллект
Фото: Александр Павский / Kazinform

− Қазір қай елдің жаңа технологияларды өз пайдасына жарата алатыны, қай елдің көш соңында қалатыны анықталып жатқан шешуші кезеңге қадам бастық. Экономиканың барлық саласы және еңбек нарығы ЖИ тікелей қатысуымен түбегейлі өзгеріп жатыр. Адамзат тіршілігінің мәні мен қалыбы басқаша сипат алып барады. Осы орайда инновациялар экономикасы деген жаңа құбылыс пайда болды. Онда өзгеше ойлау қабілеті, шығармашылық тұрғыдағы жаңашылдық және әлеуметтік дағдылар алдыңғы қатарға шығады, − деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, ЖИ қолдану бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін барынша арттыруға, салық және кеден ісін жүргізудің сапасын жақсартуға, мемлекеттік сатып алу саласын оңтайландыруға, азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік береді.

− Құзырлы мемлекеттік органдар сарапшылармен және ІТ-мамандармен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, артық шығындарды азайтуға, барлық саланың ашықтығын қамтамасыз етіп, өнімділігін арттыруға арналған тың тәсілдер іздеп тауып, оны қолданысқа енгізіп отыруға тиіс. Мен бұл мәселені ерекше бақылауда ұстаймын, − дейді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» құрылысы мәз емес. Осыған орай Президент тексеру жүргізеді.

Соңғы жаңалықтар