Цифрлық көшпенділердің ордасы: ІТ мамандардың ағылуы Қазақстанға не береді
Соңғы кезде «Цифрлық көшпенділер» деген ұғым пайда болды. Ол тіркес негізінен цифрлық технологиялар саласында қашықтан еңбек ететін, жұмыс орнына байланбай, дүние жүзінің кез келген жерінде тұра беретін адамдарға қатысты қолданылады. Бірқатар мемлекет фрилансерлер үшін цифрлық көшпенді немесе Digital Nomad визасын ұсына бастады. Оны алу үшін белгілі бір деңгейдегі табысыңды көрсетіп, жергілікті тұрғындардың жұмысын «тартып алмайтыныңды» дәлелдеуің керек. Мұндай виза беруді Қазақстан үкіметі де қарастырып жатыр. Жуырда Президент елімізді «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыруды тапсырған еді. Цифрлық көшпенділер деген кімдер, оларға қандай жағдай жасалады, бұдан ел экономикасына не пайда? Басқа елдерде оларға қандай артықшылықтар ұсынады? Толығырақ Kazinform тілшісінің материалынан оқыңыз.
«Цифрлық көшпенділер» қатары күннен-күнге көбейіп жатыр
Цифрлық көшпенділер қашықтан жұмыс істейді. Әрине, қашықтан жұмыс істеу жаңалық емес. Көптеген адам пандемия кезінде қашықтан жұмыс істеп үйреніп қалды. Бірақ егер бұрын бұл фрилансерлердің артықшылығы болса, енді бұл кеңсе қызметкерлеріне де қатысты болып отыр. Себебі бүгінде «цифрлық көшпенділердің» 60%-дан астамы – қашықтан жұмыс істейтін дәстүрлі қызметкерлер.
Әлемде 35 миллионға жуық «цифрлық көшпенді» бар. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2035 жылға қарай олардың саны миллиардтан асады.
The Boston Consulting Group (BCG) зерттеушілерінің айтуынша, сауалнамаға қатысқан («цифрлық көшпенді») респонденттердің 80%-ы жоғары білімді, 38%-ы магистратура немесе аспирантура бітірген, ал 4%-ының докторантурасы бар. Цифрлық сарапшылардың 68%-ы - ерлер, сондай-ақ АІ саласында гендерлік алшақтық айтарлықтай жоғары – жасанды интеллект жасаушылардың 72%-ы ерлер. Дегенмен, цифрлық мамандықты таңдайтын әйелдер де аз емес. Әлемдегі цифрлық таланттардың шамамен 40%-ы әрқашан жаңа жұмыс жөніндегі ұсынысқа ашық.
MBO Partners зерттеуіне сәйкес, Америка Құрама Штаттарындағы қашықтағы жұмыскерлердің саны 2019 жылдан бері 131% өскен. Ал, әлемде «цифрлық көшпенділердің» жаһандық көші-қоны жүріп жатыр.
Ең бастысы, «цифрлық көшпенділер» Амстердам, Шанхай, Бангалор, Лондон, Тель-Авив, Сиэтл, Бостон, Остин, Торонто, Нью-Йорк, Берлин, Токио және т.б. сияқты жаһандық технологиялық хабтарға тартылады. Бүгінде цифрлық данышпандар үшін ең қолайлы жер – Америка Құрама Штаттары. Бірақ көрші елді немесе тілі ортақ, мәдениеті ұқсас елді таңдайтындар да көп. Қазір мұндай мамандар аз болғандықтан, әлемде цифрлық таланттарға сұраныс жоғары. Бұл ретте жасанды интеллект (AI) және agile саласындағы мамандарға сұраныс артқан.
Жұмыс берушілер не ұсынады?
Цифрлық дағдылары бар мамандарды тарту тұтас елдің экономикалық табысын жақсартады. Сондықтан елдер цифрлық индустрияға зияткерлерді тарту үшін түрлі шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, жақында Жапония үкіметі цифрлық дарындыларға елде 6 айға дейін тұруға мүмкіндік беретін жаңа виза жүйесін енгізуді жоспарлап отырғанын хабарлады (бұрын қысқа мерзімді туристік визамен небәрі 90 күн болатын – ред.).
Виза алу үшін жұмыскерлердің жылдық табысы 10 миллион иеннен (68 200 доллар) жоғары болуы шарт. Сонда ол виза шектеулерінен босатылады және Жапониямен салықтық қарым-қатынасы бар 49 ел мен аймақтың тұрғыны болуы керек. Олардың жұбайы мен балаларына да кіруге рұқсат етіледі.
Әлем елдері басқа қандай қолайлы шарттар ұсынатынын инфографикадан көруге болады.
Цифрлық көшпенділерге не керек?
Цифрлық индустрияның жетекші мамандары инновация көзі ретінде қызмет етеді және мемлекетті жоғары деңгейге жеткізе отырып, елді цифрландыруды дамытуға көмектеседі. Сондықтан елдер әртүрлі шарттар мен артықшылықтарды ұсынып, цифрлық сарапшыларды тартуға тырысады.
Цифрлық таланттар үшін ең маңызды нәрсе – жұмыс пен өмірдің тепе-теңдігі. Олардың 70%-дан астамы үйленген. «Цифрлық көшпенділер» құзыретін арттыра отырып, жұмыс орнын ауыстырып, жаңа тәжірибе алуды жөн көреді. Тұрақты табыс, қауіпсіз кеңсе және компаниялар беретін кепілдіктер - цифрлық көшпенділер үшін басты құндылықтар емес. Олардың жұмысы көбіне стартаптармен байланысты болса да, цифрлық таланттар үлкен компанияларда жұмыс істеуге басымдық береді.
Цифрлық зияткерлер жақсы жалақы мен жайлы өмір салтына ерекше мән береді.
«Елімізді әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыруымыз қажет»
Енді Қазақстанға оралсақ... Мұндай тапсырманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 7 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берді. Президент бұл туралы қайта-қайта еске салып, цифрлық жүйенің мүмкіндіктерін барынша пайдалануды ұсынып та келеді. Енді ол талапты күшейтті – «Қазақстан «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналуы керек» деді.
Экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану аса маңызды... Шетелдің белгілі мамандарын тарту үшін Digital Nomad Residency арнайы бағдарламасын іске қосу керек. Яғни, елімізді әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыруымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда, заманның ағымынан қалмау керек. Цифрлық технологияны неғұрлым жедел әрі тиімді пайдалансақ, даму қарқынымыз да соғұрлым табысты болмақ, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал, бұған дейін Мәжіліс депутаты Павел Казанцев цифрлық көшпенділерге арнайы мәртебе беруді ұсынып, үкіметке жүгінді.
... 35 елде цифрлық виза ұсынылады. Яғни, бұл – әлемдік тренд. Мысалы, Қырғызстанда «цифрлық көшпенді» мәртебесі 2022 жылы құқықтық деңгейде рәсімделген. Ол шетел азаматтарына Қырғызстанға келгенде тіркеусіз және ешқандай рұқсат құжатсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекеттік органдармен іс-қимылды жеңілдетеді. Жарты жылда мыңнан аса ІТ маман мен кәсіпкер «цифрлық көшпенді» мәртебесін алды, – деді ол Мәжілістің отырысында.
Павел Казанцевтің айтуынша, Қазақстанда жұмыс істеуге келгендерден отандық кәсіпорынға тіркелу талап етіледі. Бірақ «цифрлық көшпенділердің» ерекшелігі де сол – олар өздері тұратын елден тыс аймақта жұмыс істеп, содан табыс табады. Бұл ел экономикасы үшін де тиімді: мамандар жергілікті тұрғындардың жұмыс орнына таласпайды. Алайда тұрғын үй жалдап, коммуналдық төлемдерге, азық-түлікке, ойын-сауыққа, көлікке қаражатын сол елде жұмсайды. Яғни, тұтынушыэкономикасының белсенді мүшесі болады.
Депутаттың сауалына премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин жауап берді. Ол заңнамаға сәйкес, сұранысы жоғары мамандықты меңгерген шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға елімізде тұруға виза беру Қазақстанның халықаралық еңбек нарығымен интеграциясын қамтамасыз етеді және қазақстандық эмигранттарды елге оралуға ынталандырады деп атап өтті.
Әсіресе ғылым, білім, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, IT, спорт, мәдениет және басқа да салаларда Қазақстан үшін құнды мамандарды елге қайтаруға көмектеседі, – деді Серік Жұманғарин.
Сондай-ақ, вице-премьер Сыртқы істер министрлігі Ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу рәсімін бастағанын да атап өтті.
Иә, Үкімет тек шетелден емес, өзіміздің де сыртқа кеткен ІТ мамандарды қайтаруға мүдделі. Олардың ішінде елге оралғандары да бар. Дегенмен мұндай мамандарды қайтару үшін мемлекетке қыруар жұмыс атқарудың қажеті жоқ, бар болғаны бюрократияны тоқтатып, дұрыс бағыт беру және қаржылай қолдау керек.
Біздің елде бұл нарық айтарлықтай ауқымды емес, сол себепті бәсеке де төмен. Бұл 2022 жылы Қатарға қоныс аударып, ІТ компанияда еңбек етіп жатқан қазақстандық Олжас Ерғалиевтің пікірі.
Қатарда IT секторы мемлекеттік қолдаудың және ірі халықаралық компаниялар инвестициясының арқасында қарқынды дамып келеді. Мұнда озық технологияларды пайдалана отырып, инновациялық жобалармен жұмыс істеуге болады. Сонымен қатар, бос жұмыс орындарына бәсекелестік жоғары. Өйткені, елге әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген жоғары білікті маман келеді. Қазақстанда да көптеген компания мен тәжірибелі мамандар бар. Бірақ, өкінішке қарай, нарық басқа елдердегідей үлкен емес, – деді маман.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, былтыр Қазақстанға 15 жастан асқан 12 мыңнан астам адам қоныс аударған. Соның ішінде 3,4 мыңнан аса (29%) адамның техникалық білімі бар. Ал, осы санаттағы 7,7 мыңнан астам адам керісінше Қазақстаннан басқа елге көшкен және олардың 2,2 мыңнан астамы (28,5%) техникалық мамандықты меңгерген.
Digital Nomad Residency бағдарламасы
Мемлекет басшысының елімізді көшпенділер ордасына айналдыру жөніндегі тапсырмасына қатысты, яғни Digital Nomad Residency туралы Astana Hub халықаралық технопаркінің мамандарынан сұрадық.
Бұл тетік әлеуетті «цифрлық көшпенділерге» әлемнің кез келген жерінен онлайн режимде «бір терезе» қағидаты бойынша жеңілдетілген түрде Қазақстанға кіруге рұқсат алу, елге келгеннен кейін тұруға ықтиярхат алу мүмкіндігін көздейді. Қазір Astana Hub базасында әр өтініш берушінің біліктілік құжаттарын қарау және онымен әңгімелесу нәтижесінде шетелдік IT маманының құзыретін растау процесі пысықталып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Digital Nomad Residency бағдарламасын іске асыру тәсілдерін үйлестіруді жеделдету жөніндегі жұмыс тобы бар, – деп жауап берді Kazinform тілшісіне Astana Hub баспасөз қызметінен.
2023 жылғы желтоқсанда «Коммерсант» басылымында «цифрлық көшпенділер» үшін ең тартымды елдердің халықаралық рейтингі жарияланды, оған 38 мемлекет кірді. «Цифрлық көшпенділер» (Digital Nomad Visa) үшін арнайы визалық режим енгізбегендіктен Қазақстан бұл тізімде жоқ. Дегенмен Қазақстан цифрлық көшпенділер үшін экономикалық жағынан тартымды ел саналады. Мысалы, рейтингтің басында тұрған Эстония, Мексика және Грузия сияқты елдермен салыстырғанда Қазақстанда жеке табыс салығының ставкасы екі есе төмен. Ал егер бейрезидент Astana Hub-қа қатысушы компанияның қызметкері болса, «цифрлық көшпенді» елде болған алғашқы 6 айда ғана 10 пайыздық жеке табыс салығын төлеуге міндетті. Мамандардың айтуынша, егер арнайы визасын енгізсе, Қазақстан аталған рейтингте ТОП-20 қатарында болар еді. Дегенмен, шетелдің IT мамандарын тарту тәжірибесі қазіргі жұмыс визаларын алу механизмінде күрделі бюрократиялық процедуралар бар екенін көрсетіп отыр.
Жалпы елімізде ІТ саласының дамуына жағдай жасалған. «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі алаңында салықтың барлық түрін төлеуден босатуды көздейтін эксклюзив салық режимі бар технологиялық экожүйе жұмыс істейді.
Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында Қазақстанға InDrive (2,5 млрд АҚШ доллары), Playrix (7 млрд АҚШ доллары), Mytona (2 млрд доллар), NetCracker (14,4 млрд доллар), Ozon (6,2 млрд доллар) және тағы басқа құны миллиард доллардан асатын әлемдік жетекші технологиялық компанияларды тартуға мүмкіндік туған.
Технопарктің мәліметінше, Қазақстанда 1,3 мыңнан аса IT-компания заңды тұлға ретінде тіркеліп, Astana Hub қатысушысына айналды (АХҚО-да орналасқандарды қоса алғанда), оның ішінде 390-ы шетелдің қатысуы бар компаниялар. Былтыр қатысушыларға салынған инвестиция көлемі шамамен 57,6 млрд теңгені құраса, осы кезеңдегі кіріс 400,2 млрд теңге болды. Оның 171,4 млрд теңгесін шетелдің қатысуы бар компаниялар алған. Бұл компанияларда қазір елімізде тұрақты тұруға ниет білдірген бес мыңға жуық шетелдік жұмыс істейді.
Шетелдік компаниялар мен олардың қызметкерлерін, фриланс биржаларда жұмыс істейтін, біздің елде тұруды қалайтын шетелдік IT мамандарын Қазақстанға тұрақты тарту үшін «цифрлық көшпенділерді» қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралар шешуші рөл атқарады, – деп жауап берді Astana Hub баспасөз қызметінен.
Қазақстан Digital Nomad Visa жобасын әлі әзірлеп жатыр
Қазақстан 2026 жылға қарай цифрлық өнімдер мен қызметтердің экспортын 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Отандық ІТ өнімдерін енгізуді ынталандыру және ІТ мамандарды тарту бойынша шаралар әзірленіп жатыр. Сыртқы істер министрлігі заңнамаға шетелдік IT мамандары үшін визаның жаңа түрін қосуға бағытталған өзгерістер енгізеді. Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстанға келуіне шақыру берудің тиісті ережелеріне «Сұраныстағы мамандығы бар тұлғалар» деген ерекше санат қосылады.
Digital Nomad визасын алу үшін IT мамандарының айына 2000 еуродан асатын табысы және Қазақстанда жарамды медициналық сақтандыруы болуы керек. Виза бір жылға жарамды болады, ал оны алушылар салық төлеуден босатылады.
Қазіргі заңнамаға сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің азаматтарына елде ұзақ тұру үшін қазақстандық компаниямен жасалған еңбек шарты негізінде Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алу талап етіледі. Алайда бұл жағдай басқа елде қашықтан жұмыс істейтін, бірақ Қазақстанның резиденті болып қалатын «цифрлық көшпенділерге» жарамайды.
Үкіметтегілер цифрлық көшпенді визаға қатысты барлық мәліметті кейінірек айтамыз деген уәде берді. Сол кезде бұл опцияға өтініштер де қабылдана бастайды. Ал, біздің «әліптің артын бағып» күтуден басқа амалымыз жоқ.