Цифрлық сот орындаушы халықтың 60 млн теңгесін үнемдеген – Жаңа заңда қандай өзгеріс болады

АСТАНА. KAZINFORM – Былтыр тамыз айында Цифрлық сот орындаушы жобасы іске қосылды және 25 АЕК-тен аспайтын 125 мыңнан астам құжат орындалып, мемлекет кірісіне шамамен 2,5 млрд теңге өндірілді. Ал азаматтар жеке сот орындаушыға 25% сыйақы ретінде төлеуі тиіс болған 60 млн теңгеден астам қаражатын үнемдеп қалды. Бұл туралы ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтындағы дөңгелек үстелде айтылды. 

Цифрлық сот орындаушы халықтың 60 млн теңгесін үнемдеген – Жаңа заңда қандай өзгеріс болады
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Парламентаризм институтының атқарушы директоры Алмас Қанатовтың айтуынша, өткен жылы атқарушылық сала бойынша халықтан 12 мыңнан астам шағым түскен. Қазір елімізде 2 100-ден астам жеке сот орындаушылары жұмыс істейді. Олардың қолында 16 триллион теңгеден асатын 5 миллионнан астам атқарушылық құжат бар. Бұл құжаттардың басым бөлігі – микрокредит қарыздарын өндіріп алу істері. Яғни қазақстандықтардың шамадан тыс несиеге бату проблемасы бар.

Сонымен бірге, кездесуде «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізу жобасы талқыланды. Бұл құжат сот орындаушылардың жұмысын жүйелеуге, олардың жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін көтеруге бағытталған.

Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода бүгінде сот орындаушылардың атқаруында 9 миллионнан астам іс бар. Орта есеппен бір сот орындаушысына 4,5 мың істен келетінін айтты.

− Алайда кейбіреуі бір мезетте 30-50 мың істі орындаса, басқаларында небәрі 300-500 іс бар. Статистика көрсеткендей, коллекторлық агенттіктер мен микроқаржы ұйымдарының пайдасына өндіру туралы істердің көпшілігі аз ғана сот орындаушылар қолында шоғырланған. Мұндай жүктеменің теңсіздігі мен істердің әділетсіз бөлінуі орындау сапасының төмендеуіне, бопсалауға ұқсас әрекеттер мен корпоративтік сыбайлас жемқорлыққа әкеп соғады. 2023-2024 жылдары Бас прокуратура Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының бастамасымен тексеру ұйымдастырып, бірқатар сот орындаушылардың өз табысының 30-50 пайызын құжат ұсынған тұлғаларға бергенін растайтын фактілерді анықтады. Мысалы, 67 жеке сот орындаушы коллекторларға шамамен 220 млн теңге аударған, − деді депутат.

Мұндай фактілердің алдын алып, істерді әділ, тең дәрежеде бөлу үшін заң жобасында өндіріп алушының тікелей ЖСО-ға жүгіну арқылы атқарушылық іс қозғау мүмкіндігін алып тастайтын нормалар қарастырылған. Яғни, бұл процесс толығымен автоматтандырылады және соның ішінде талап қоюшының өтініші бойынша келіп түсетін атқарушылық құжаттар да уәкілетті орган – Әділет министрлігі белгілеген тәртіппен мемлекеттік атқарушылық іс жүргізудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жеке сот орындаушылар арасында бөлінеді.

Екінші мәселе – сот орындаушы мамандығына келетін кадрлардың сапасы болып отыр. 2020 жылға дейін жеке сот орындаушы қызметімен айналысуға 6,5 мыңға жуық лицензия жеңілдетілген тәртіппен берілген. Қазір де олардың кейбірі салаға еш тәжірибесіз келіп жатыр немесе аттестация мен тағылымдамадан өткеніне тым ұзақ уақыт болған. Палата ондай тұлғаларды мүшелікке қабылдауға мәжбүр, себебі жаңа талаптар заң жүзінде қарастырылмаған.

− Бұл салада жұмыс істеу үшін арнайы білім мен заңнаманы терең білу қажет, оны тек аттестация арқылы анықтауға болады. Ал практикалық дағдылар тек тағылымдама арқылы қалыптасады. Біз сот орындаушылық өндірісті қамтамасыз ету саласында аттестациядан босатуға қажетті мемлекеттік қызмет өтілін 3 жылға дейін ұзартуды ұсынып отырмыз. Оған қоса, заң жобасында заңнаманы және кәсіби әдеп кодексін бірнеше рет бұзған жағдайда уәкілетті орган шешімімен сот орындаушыларды аттестаттау институтын енгізу көзделіп отыр. Аттестация нәтижесі бойынша лицензияның күшін жою мәселесі қаралуы мүмкін. Мұндай талаптарды адвокаттық және нотариалдық қызметпен айналысуға үміткерлерге де қолдану жоспарланған, − деп түсіндірді Д. Колода.

Сонымен бірге, сот орындаушы қызметінің ақысы да халық арасында жиі көтерілетін мәселеге айналған. Жеке сот орындаушы жұмысына берілетін сыйақы өндірілген соманың 3 пайызынан 25 пайызына дейін жетеді. Егер борыш сомасы 60 АЕК-тен аз болса, онда 25 пайызы жеке сот орындаушыға төленеді. Мұндай құжаттардың басым бөлігін айыппұлдар, салықтар және шағын несиелер құрайды.

Өткен жылдың тамыз айында азаматтардың қаржылық жүктемесін азайту мақсатында және кейбір істер бойынша жеке сот орындаушыға сыйақы төлеуден босату үшін Цифрлық сот орындаушы жобасы іске қосылды. Барлық атқарушылық жұмыс осы жүйе арқылы жүзеге асады және адами фактор толығымен алынып тасталған.

− Қазіргі уақытта оңайлатылған атқарушылық өндіріс тізіміне 25 АЕК-тен аспайтын әкімшілік айыппұлдар мен салық берешектері кіреді. 2024 жылғы тамыз айының соңынан бері 125 мыңнан астам құжат орындалды, мемлекет кірісіне шамамен 2,5 млрд теңге өндірілді. Ал азаматтар жеке сот орындаушыға 25% сыйақы ретінде төлеуі тиіс болған 60 млн теңгеден астам қаражатын үнемдеп қалды. Осы оң тәжірибені ескере отырып, заң жобасында Цифрлық сот орындаушы арқылы өндіруге болатын сома мөлшерін 40 АЕК-ке дейін арттыру нормасы көзделген, − деп атап өтті депутат.

2024 жылдың орташа көрсеткіштері бойынша әкімшілік айыппұлдар мен салық бұйрықтары бойынша атқарушылық құжаттардың 96 пайызы 40 АЕК-ке дейінгі сомаларға тиесілі. Осылайша, оңайлатылған өндіріс институтын кеңейту жеке сот орындаушы қызметіне ақы төлеуден босату арқылы азаматтардың қаржылық жүктемесін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ борышкерлердің жасырын табысын бақылау ұсынылды, ол үшін онлайн платформаларда жұмыс істейтін азаматтардың табысын анықтау үшін цифрлық бақылау құралдары енгізілмек. Ал бейнежазбаға түсіруді міндеттеу арқылы жеке сот орындаушылардың әрекеттері толық бейнетіркеуге алынады және рәсімдердің шықтығын арттыруға ықпал етпек. Нақты ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдарға жолданады және жаңа заңнамалық бастамалар негізі бола алады.

Айта кетейік, шілде айында сот орындаушылардың жұмысын бағалайтын жасанды интеллект іске қосылады. 

Сонымен қатар сот орындаушылардың қызметін бақылау функциясын Сот әкімшілігіне қайтару ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар