Цифрлық жүргізуші куәлігі жарамды ма – ІІМ жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Жол полицейі тоқтатқан жағдайда, заңды өкілге жүргізуші куәлігінің электронды нұсқасын ұсыну заңға қайшы ма? Аталған жайтқа қатысты Ішкі істер министрлігі ресми жауап берді.

— «Жол жүру ережесі туралы» заңның 54-бабы 3-тармағына сәйкес, механикалық көлік құралын басқарған жүргізуші өзімен бірге жүргізуші куәлігін немесе уақытша берілген куәлікті алып жүруге міндетті. Сонымен қатар ішкі істер, көлік бақылау және мемлекеттік кірістер органының уәкілетті өкілі аталған құжатты тексеруге міндетті. Аталған талап жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжаты болған жағдайда Қазақстан Республикасында берілген куәліктерге қолданылмайды, — деп түсіндірілген құжатта.
Дегенмен елімізде электрондық құжат рәсімі бар, оған сәйкес:
— «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» заңның 8-бабына сәйкес, мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ақпараттық жүйеде сақталатын электрондық құжаттар цифрлық сервис арқылы пайдаланылуы және ұсынылуы мүмкін. Осы орайда, жүргізуші жеке басын куәландыратын құжат болған жағдайда, жүргізуші куәлігін цифрлық форматта көрсету заңға қайшы емес, — дейді құзырлы органнан.
Айта кетейік, енді жүргізуші куәлігін алатындар 073/е анықтамасын қағаз түрінде тапсырмайды.
Еске салайық, Сенат депутаты Марат Қожаев Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу тәртібін өзгертуді ұсынған еді.