Тісімен сурет салатын түркістандық қыз елді таңғалдырды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістанда қылқаламды тісімен ұстап, сурет салатын ерекше қыз бар. 16 жастағы Русалина Құрманованың қол-аяғы туғаннан икемге келмейді. Бірақ соған қарамастан, бойжеткен табиғаттың әсем көріністерін салуға әуес.

Тісімен сурет салатын түркістандық қыз елді таңғалдырды
Фото: Видеодан алынған кадр

4 жасында ата-ана қамқорлығынсыз қалған Русалина әлемді сұр түсте көруді қаламапты. Ол кішкентайынан сурет арқылы ой-пікірін жеткізуге қалыптасқан.

— Айтқым келгеннің бәрін сурет арқылы жеткізгім келеді. Түрлі-түсті бояу мені шабыттандырады. Табиғаттың әсем көріністерін салу — шексіз әлеммен байланыс, — деді жас суретші Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасына берген сұхбатында.

Русалина Павлодарда дүниеге келіп, тағдырдың жазуымен Түркістанға тұрақтаған. «Шұғыла» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының әдіскері Жанар Тәженова оның сурет салуды 6 жасынан бастағанын айтады. Сондай-ақ бойжеткен әдебиетке ғашық, кітап оқуға және ән айтуға ынтық.

— Түркістан қаласында өткен «Жас талант» байқауында 2 жыл қатарынан жүлделі болдық. Ақын Сатыбалды Тілеуовтың 140 жылдығына арналған фестивальда да бас жүлдені жеңіп алдық. Қылқалам шеберлері жиналатын шараларда да марапатсыз қалмадық. Русалинаның жетістіктері өте көп, — деді әдіскер.

Русалинаның көптеген суреттері көрмелерде сатылымға шыққан.

— Өнерсүйер қауым оның еңбектерін бағалап жатыр. Сатылымы да жақсы. Жиналған қаражатқа қажетті заттарын алды, — деді Жанар Тәженова.

Бұған дейін теңіз жаяу әскерінің матросы қазақ батырларының суретін салып жүргенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар