Түнгі ауысымға қалған әріптеске «қайырлы түн» деуге болмайды — құтқарушымен сұхбат

евгений егоров
Фото жеке мұрағатынан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Қызыл су қыспаққа алған Батыс, Солтүстік өңірлерге Қазақстанның әр түкпірінен құтқарушылар көмекке аттанған болатын. Өскеменнен жол тартқан Евгений Егоров ШҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы бастығының орынбасары болып қызмет етеді. Ол 22 күн сонда болып, адамдарды эвакуациялап, гуманитарлық көмекті жеткізумен айналысты. 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай Евгений Егоровты әңгімеге тартып, сол күндер жайлы өз аузынан естіген едік.

— Әңгімемізді осы салаға қалай келгеніңізден бастасақ… 

— Шынымды айтсам, бала күнде құтқарушы боламын деп еш ойламаппын. 2002 жылы көшеде келе жатып тақтайшаға жабыстырылған жұмысқа құтқарушылар қажет екендігі туралы хабарландыруды көріп қалдым. Ол кезде құтқару қызметі енді құрылып келе жатқан. Жазылған мекенжайға барып, байқауға түстім. Физикалық, психологиялық тұрғыда тексеріп, қандай қабілеттеріміз барын қарады. Сыннан сүрінбей өтіп, жұмысқа тұрдым. Маған бірден ұнады. Жаңа адамдармен танысып, талай дүниені үйрендім. Сол уақыттан бері осы саладамын. Қатардағы құтқарушыдан бастап, қазіргі жауапты лауазымға дейін жеттім.

— Алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме?

— Әрине. Оны қалай ұмытайын. Сәл-пәл уайым болғаны рас. Бірақ әріптестерім қолдап, бағыт берді. Бірінші рет шақыртуға барғаным да есімде. Үйінің есігін аша алмай қалған әжеге көмек керек болды. Ол оқиға күні кеше болғандай көз алдымда тұр. Негізі осындай жағдайда есік құлыбын бұзып аша салған жеңіл. Алайда әжеге есікті жөндетуге тұра келуші еді. Сол үшін құлыпты бұзғымыз келмей, шатырға шығып, төменге түсіп, терезе арқылы ішке кірдік. Сөйтіп, есікті ашып, әженің алғысын алдық.

евгений егоров
Фото жеке мұрағатынан

— Құтқарушы болу — екінің бірінің қолынан келмейді. Өмірге қауіп төндіретін бұл салада жұмыс істейтініңізге жақындарыңыз қалай қарайды?

— Анам үнемі уайымдап отырады. Басында «Неге осы мамандықты таңдадың?! Абай бол!» дей беретін. Содан кейін көндікті. Әйелім де әсіресе жұмыс бабымен алыс сапарға кетіп бара жатсам уайым кешеді. Оларды сабырға шақырып, кетерде беттерінен сүйіп кетемін.

— Құтқарушылардың қандай да бір өзіндік ырым-тыйымдары бар ма?

— Бар. Мәселен, біздің қызметтегі сөмкелеріміз үнемі сақадай сай тұрады. Оған жұмысқа қажетті заттар салынады. Еш уақытта ол сөмкені ашып, ішіндегі заттарды шығарып тастамаймыз. Ал олай істесек, міндетті түрде бір сапарға шығып кетесің.

Түнгі ауысымға қалған әріптеске еш уақытта «қайырлы түн» деуге болмайды. Егер солай айтсаң, онда міндетті түрде шақырту түсіп, абыр-сабыр болады. Одан кейін бір төтенше жағдайға барып, сонда өртпен немесе қызыл сумен күресіп жатқан әр құтқарушының өзінің ас-су ішетін ыдысы болады. Тамақ ішіп болған соң оны жақсылап жумай, жай сумен шая саламыз. Егер жуып мұнтаздай етіп қойсаң, онда бұл сапарда ұзаққа қалып қаласың. Осы секілді ырым-тыйымдарымыз кездеседі.

— Қауырт қызметіңіздегі ең ауыры не?

— Көз жұмған немесе ауыр жараланған адамның жақындарының көз жасын, қайғысын көру — өте ауыр. Бұған етіңді үйрету мүмкін емес. Былай қарағанда, осындай жағдайда сабырлық таныту міндетіміз, десе де іштей қиналып, мүжіліп тұрамыз. Қызмет барысында бұндайға талай рет тап болдым. Сол үшін кәсіби психологтарымыз бізден бірге жүреді. Қайғырған адамдармен солар сөйлеседі.

евгений егоров
Фото жеке мұрағатынан

— Су тасқыны жағдайы туралы, басқа өңірлерге көмекке қалай барып келгеніңіз жайлы айта кетсеңіз…

— Біз Солтүстік Қазақстанға көмекке бардық. Атап айтқанда, Қарасу ауданы Амангелді, Қарамырза, Қарасу ауылдарында болдық. Бір елді мекенде жағдай тұрақталған соң басқасына жолға шығып отырдық. Расыменде жағдай ауыр болды. Су деген өте көп. Мұндай мол суды өмірімде бірінші рет көрдім. Үйлерді, аулаларды су басқан. Барлық жерде адамдарға көмек керек. Жол талғамайтын «Шерп» көлігімен халықты эвакуацияладық. Гуманитарлық көмекті жеткізумен айналыстық. Азық-түлік, дәрі-дәрмек тасыдық. Кейбір адамдарға үйінде қалып қалған маңызды құжаттарын алып бердік. Екі тәулік бойы мүлде ұйықтамаған кезіміз болды. 22 күн тоқтаусыз жұмыс істедік. Осы уақыт ішінде біздің жасақ қана 22 тонна гуманитарлық көмек жеткізіпті. Облыстан барлығы 10 адам барып келдік.

— Әңгімеңізге көп рахмет!

Соңғы жаңалықтар