Түрік дәрігерлері ақтөбелік балаларға тегін ота жасады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбеге түрік дәрігерлері келіп, балалардың құлағына жоғары технологиялы ота жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ақтөбеде алғаш рет құлағы естімей қалған балаларға сәтті ота жасалып, имплантация қойылды. «Бақытты бала» жобасы аясында жасалған ота кезінде жергілікті дәрігерлер де тәжірибе жинады.

«Ақтөбе медициналық орталығында өңірде бірінші рет есту қабілеті төмендеген балаларға ота жасалып, имплантация қойылды. Үш ота да Түркияның Гази университетінен келген дәрігер Реджептің қатысуымен болды. Жоғары технологиялы, қымбат ота еліміздің Астана мен Алматы қалаларында ғана жасалып жатыр. Біздің дәрігерлер тәжірибе жинап, алдағы уақытта өздері операция жасамақ. Ал түркиялық дәрігер ақтөбелік балаларға тегін көмек көрсетті»,- деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша есту қабілеті бұзылған 74 бала бар. Олардың 10-ы ота жасау кезегінде тұр. Түрік дәрігерлері 2-5 жас аралығындағы үш балаға ота жасады. Балалардың бәрі төртінші деңгейлі құлақ ауруы дертіне шалдыққан.

«Түрік дәрігерлері балалардың құлағына орнатқан импланттың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету, жөндеу үшін программатор құрал-жабдығын сыйға тарту етті. Бұл жергілікті жерде импланттарды бақылап, оның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аппарат. Ота кезінде жергілікті оториноларингологтар мен сурдологтар тәжірибе жинады. Алдағы уақытта олар балаларға көмек көрсете алады»,- деді баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар