Туристердің сүйікті мекені Ақтолағай борлы тауынан мұнай өндіріле ме

Ақтолағай борлы тауына геологиялық барлау жүргізілетінін туроператор кеш естіген.
Тіпті қоғамдық тыңдауға қатыса алмағанын айтып, әлеуметтік желіде өз наразылығын білдірді.
«8 тамызда Миялы ауылында (Байғанин ауданы - ред.) жиын өтіп кеткен. Жиын деп айту да қиын негізі. 13 ақсақалды жинап алып, анекдот айтып өткізіп тастаған нәрсе! Ауыл ақсақалдарын қалай алдап тұрғаны белгісіз? Ештеңе уәде бермей-ақ, ауыл тұрғындарына жұмыс береміз деп те алдамай-ақ, ақсақалдар бір ауыздан қолдай кетті! Соны түсінбей отырмын! Шаң тозаңның астында, таза сусыз, таза ауасыз, өріссіз қалатындарын сезбей де отыр! Біздің де айтарымыз бар! Туристтік нысандар зардап шекпеу керек! Миллондаған ақша жұмсалып Ақтолағайдың атағын шығарған еңбек қайда кетеді? Мұхит асып келген туристтердің еңбегі еш кете ма?» деп жазды Еркебұлан Аймұратұлы.
Ақтөбе облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Азамат Құдайбергеновтің айтуынша, барлау жұмыстарына рұқсатты ҚР Энергетика министрлігі береді.
«Энергетика министрлігі аукцион өткізген. Талап бойынша алдымен барлау, зерттеу жұмысы жүргізіледі. Ол кезде 1 немесе 2 ұңғыма қазылады. Қоры бар ма, жоқ па - тексереді. Қор болса, мемлекеттік қор тізіміне енгізеді. Бұл да министрлікке қарайды. Тізімге енген соң ғана жоба жасалады. Жақын жердегі ауылдарға келіп, түсіндіру, кездесу сол кезде ғана жүргізіледі. Ақтолағай туралы айтар болсам, негізінен қорғалатын аумаққа кіруі керек. Бірақ бәрін министрлік айтады»,- деді Ақтөбе облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Азамат Құдайбергенов.
Оқиғаның мән-жайын Ақтөбе облыстық экология департаменті де түсіндірді. Әзірге барлау жүретін аумақтың ерекше қорғалатын территорияға қатысы бар-жоғы анықталады.
«Бұл жұмыстың жобасы біздің департаментте қаралып жатыр. Экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес, жоба сараптамадан өту кезінде қоғамдық тыңдаудан өтеді. Тыңдау кезінде бұл жұмыстардың ерекше қорғалатын аймаққа кіретіні жөнінде айтылған. Ақтолағай ерекше қорғалатын аумаққа жатады. Бірақ оның шекарасын толыққанды анықтау қажет. Сол себепті тыңдау қорытындысы кезінде қандай шешім қабылданғанына қарамастан Экология департаменті жұмыстың ерекше қорғалатын аумаққа кіріп тұрғаны немесе ол аумаққа кірмейтінін нақты анықтап, дәлелді құжаттарын ұсынғанша, жобаны ескертумен қайтару туралы шешім қабылданатын болады. Егер заңда көзделген уақытта тиісті құжаттар ұсынылмаса, жобаны жүзеге асыруға тиым саламыз»,- деді Ақтөбе облыстық Экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов.
Жергілікті әкімдік қазіргі кезде қоғамдық тыңдау жүргізілгенін растады. Тіпті тұрғындар өтініш те айтып үлгерген.
Бірі мектепке жөндеу қажеттігін, екіншісі жұмысқа орналасу мәселесін қозғады.
«Біріншіден, Миялы ауылында халықпен кездескен. 10 адамды жұмыспен қамтимыз деп айтқан. Бұл бұрғылау емес, барлау жұмысы. Сол кездесуде әркім өз талабын айтқан. «Мектептің сыртына күрделі жөндеу жасап беріңізші» деген екен, 18 млн теңге бөлуге келіскен. Ұсыныстар қолдау тапқан. Екіншіден, сұраныс түсті, бірақ қабылданған жоқ әлі. Оның рұқсатын біз емес, министрлік береді. Ол Қоғалай деген жер. Ауылдан 40-45 шақырым қашық. Ақтолағайдан 80-90 шақырым қашықта орналасқан. Ақтолағайда су жоқ, жол жоқ. Ол жаққа бармайды ғой»,- деді Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Раушанов.
Айта кетейік, Ақтолағай – борлы тау. Туроператор Еркебұлан Аймұратұлы оны Ақтөбенің брендіне айналдырып үлгерді.
Ең биік тұсы – 302 метр. Бір күнде түсін бірнеше рет өзгертеді.
Таңертең сарғыш, түсте күріштей ақ болса, кешке аспанға ұқсап көкшіл түске боялады.
Мұнда тек қазақстандықтар емес, алыс-жақын шетелден жабайы табиғатты тамашалайтындар арнайы келеді.