Түркі әлемінің бірлігі: тарихтан экономикалық интеграцияға дейін
АСТАНА. KAZINFORM – Түбі бір халықтардың бірлігінің үлгісі ретінде Түркі мемлекеттері ұйымдары, Скандинав кеңесі, Иберия халықтары бірлестіктері, Араб мемлекеттері лигасы, Шығыс Азия үштігі, Вышеград тобы сияқты бірлестіктерді атауға болады. Соның ішінде түркі мемлекеттері ұйымы дәл осы ортақ тарих пен мәдениетті институционалдық деңгейге көтеретін феноменге айналып отыр. Бірақ мәдени байланыстар дамып жатқанмен, экономикалық және саяси ықпалдастық әлі де баяу екені айтылады. Мәселе «Jibek Joly» телеарнасының «Жаһан жайы» бағдарламасында талданды.
Экономикалық нарық құруға не кедергі?
Еуразияның орталығында орналасқан алты түркі мемлекеті бар. Олар – Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан. Бұл елдерді Түркі академиясы, Түрксой, ТүркПА, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры сияқты ұйымдар біріктіреді. Ең маңыздысы – Түркі мемлекеттері ұйымы. 2025 жылғы мәлімет бойынша, ТМҰ елдерінің жиынтық жалпы ішкі өнімі шамамен 2,06 трлн АҚШ долларын құрайды, оның 70%-ы Түркияға тиесілі. Бұл – елдің геосаяси орны, тарихи тәжірибесі мен дамыған экономикасының көрінісі. Ал Қазақстан әл-ауқаты жағынан екінші орында, қалған елдердің үлесі әлі төмен.

Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Қубанычбек Өмуралиев мұның себебін атады.
– Түркі мемлекеттері ұйымының ортақ экономикалық нарық құруына бірнеше кедергі бар. Елдердің географиялық орналасуы, кедендік және көлік шектеулері тауар айналымын баяулатады, ал экономикалық құрылымның әртүрлілігі бір-бірін толықтыруға кедергі келтіреді. Сонымен бірге қаржы байланыстары, бюрократиялық кедергілер және ақпараттық-технологиялық интеграцияның төмендігі үйлесімді саясат жүргізуді қиындатып келеді. Бірақ олар біртіндеп шешіледі. Мәселен, қазір тасымалдау және логистика саласында нақты жобалар жүзеге асуда. Жүк тасымалдау кезінде электронды өту жүйесі енгізілуде. Егер толық цикл бойынша оған Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан қатысса, шекара қызметкерлері тексеруді қажет етпейді. Нәтижесінде Қазақстаннан шыққан жүк осы елдер арқылы тікелей Еуропаға тоқтаусыз, жеңіл әрі оңай өтеді, – дейді бас хатшы.

Бас хатшы Түркі мемлекеттері ұйымының ынтымақтастығына тоқталды.
– Біздің тағы бір мақсатымыз – ортақ мұрамызды келешекке жеткізу. Мәдениетіміз ұқсас болғанмен, әр елдің өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, Астанадағы музей мен әр мемлекеттегі ұлттық музейлер арасында арнайы карточкалар бар. Түркияда музейге келуші үшін төлем өзгеше болса, бауырлас елдер үшін бірдей жеңілдік қолданылады, – дейді Қубанычбек Өмуралиев.
ТМҰ ішкі өнім көлемі бойынша 12-ші орында
Биыл Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті Мажарстанда алғаш рет өткені есте. Формальды түрде бейресми дегені болмаса, әдеттегідей туыс елдер ортақ түйткілдерді шешуге бірікті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий мұнай және газ құбырларын салу бастамасына қатысты ойын білдірді. Егер ұсыныс шынымен жүзеге асса, тараптарға тиімді болмақ. Біріншіден, Каспий теңізі арқылы өтетін құбырдың салынуына мүдделі мемлекеттер – ұйым мүшелері. Екіншіден, мұнайды Әзербайжан мен Түркия арқылы Мажарстанға, одан әрі Еуропа нарығына жеткізуге болады. Будапешттің де негізгі мақсаты – арзан энергия алу.
Көлікпен қатар сауда кедергілерін жою да маңызды мәселе болып отыр. Қазір ұйымға мүше елдердің жалпы ішкі өнім көлемі әлемде 12-ші орында, ал сыртқы саудасы 850 миллиард доллардан асады. Дегенмен, өзара ішкі тауар айналымы небәрі 7 пайызды құрайды. Өзбекстан Президенті мәселені шешу үшін «Түрк трейд» онлайн-платформасын құруды және инвестициялық жобаларға қолдау көрсететін бірлескен венчурлық компания ашуды ұсынды.

– Тауар айналымы әлеуетке сай емес. Алдын ала есептеулер бойынша ұйым елдерінің әлеуеті 400 млрд доллар деп бағаланады. Сауда-саттықтың төмен болуы логистикалық фактордың әсерінен деп ойлаймын. Әлі күнге бес ел бір-біріне бұл тұрғыдан ашық емес. Алдағы уақытта Инвестициялық қор алыс-беріске серпін беруі тиіс, – дейді саясаттанушы Орхан Йолчуев.
Қауіпсіздікке қатысты қандай бастамалар бар?
Ұйым қауіпсіздік мәселесін күн тәртібінен түсірген емес. Биыл Түркі мемлекеттері ұйымының ресми 12-ші саммиті Әзербайжанның Габала қаласында өтті. Саммит үш Президенттің ұсынысымен ерекшеленді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев киберқылмыс мәселесіне назар аударып, шекара талғамайтын қатерге қарсы кеңес құруды ұсынды. Бастама түркі елдері арасында цифрлық қауіпсіздікті күшейтіп, ақпарат алмасуды және тәжірибе бөлісуді қамтамасыз етуге бағытталмақ.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев әскери-техникалық салаларда тәжірибе алмасуға шақырды. Оның сөзінше, төңірек тыныш болмай тұр, сын-тегеурін сипаты өзгерген, сондықтан үнемі жаттығулар өткізіп, қорғаныс пен қауіпсіздікті нығайтсақ артық болмайды. Бұл ұсыныс саммит қатысушылары тарапынан бірауыздан қолдау тауып, Әзербайжан мен Армения арасындағы бірлескен декларациямен үйлесім тапты.

Ал Өзбекстан Президенті Мирзиеев ұлттық қауіпсіздік және барлау органдары басшыларының тұрақты отырыстарын өткізу қажеттігіне тоқталды. Бұған дейінгі саммиттерде тақырыпқа аса мән берілмеген болса, енді қауіпсіздік ресми күн тәртібіне шықты.
Қауіпсіздік пен тұрақтылық болған жерде экономика тиімді дамиды. Саммит барысында көлік-логистика, жасыл энергетика, экология және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты бастамалар көтерілді. Қазақстан Президенті Каспий теңізінің жағдайына алаңдаушылық білдіріп, су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша бағдарлама құруды ұсынды.
Ұйым геосаяси ойындарға араласпайды, бірақ халықаралық құрылымдармен және өзге мемлекеттермен экономикалық байланысын нығайтуға мүдделі. Осы тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ+ форматын қолға алуды маңызды санайды. Мұндай серіктестік түркі мемлекеттерінің халықаралық аренадағы беделін арттырып, ұйымды жаһандық күн тәртібіне ықпал ететін ашық алаңға айналдырады.
Қазақ-мажар ынтымақтастығы
Мажарстан немесе Мадьяр елі – Орталық Еуропада орналасқан, Еуропалық одақтың мүшесі және өзін түркі қауымдастығының бір бөлігі деп санайтын ел. Ол Еуропа мен түркі Шығысының арасында экономикалық және мәдени көпірге айналуды мақсат етеді.

Қазақстанның Венгриядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлының айтуынша, Венгрияның ұйымға бақылаушы мемлекет ретінде қатысуы тек тарихқа тағзым емес, сонымен бірге сыртқы саяси прагматизмнің көрінісі болып отыр.
Деректерге сүйенсек, Мажарстанның сыртқы сауда балансы шамамен 300 млрд долларды құрайды, оның 90 пайызы Еуропалық одақ елдерімен жүзеге асырылады.

– Қазақстанның рөлі осы саясатта ерекше. Қазақстан – Шығыс пен Батысты қосатын көпір. Биылғы 8 ай ішінде сауда айналымы 170 млн долларға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайыздан асқан. Мемлекет басшысының сапары барысында Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанмен болашақта 1 млрд долларға дейін жеткізу келісімі талқыланды. Биыл Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігінің басшылығымен бір топ қазақстандық компания Мажарстанға келіп, 95 тауар номенклатурасына қатысты жалпы шамасы 700 млн долларға жететін экспорттық әлеуетті талқылады, – дейді Абзал Сапарбекұлы.
Елшінің сөзінше, Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде Каспий теңізі арқылы өтетін логистикалық дәлізді дамыту мәселесі қарастырылып жатыр.
– Егер Будапешт қаласында теміржол экспрессі арқылы Қазақстан, Мажарстан және Қытай компаниялары бірлескен үлкен логистикалық орталық құрса, Орталық Еуропа нарығына жүк тасымалы тиімді болады, – дейді ол.

Елші «Шығысқа ашылу» саясатының маңызы мен гуманитарлық ынтымақтастыққа тоқталды.
– Түркология саласында үлкен жұмыстар атқарылуы тиіс. Ол Қазақстанда қарқынды дамып келеді, ал Мажарстанда тұралап қалды. Сонымен қатар Қазақстан мен Мажарстан халықаралық деңгейде жаңа университеттер арқылы білім беру және ғылыми жобаларды дамыту мүмкіндіктерін қарастыруда, – дейді ол.
Қазақстан-Түркия: экономикалық әріптестік пен Орта дәліздің маңызы
Совет Одағы ыдырағанға дейін түркі халықтарының арасында тәуелсіз ел тек Түркия ғана болды. 1991 жылдан бастап Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түрікменстан тәуелсіздік алып, түркі дүниесіндегі егемен мемлекеттер саны алтыға жетті. Осы кезеңнен бастап Түркия үшін түркі мемлекеттерінің нарығы ашылып, сауда байланыстары нығайды, ал бұл елдің экономикалық дамуына серпін берді. Қазақстан үшін Түркия ең ірі инвесторлардың бірі. 1993 жылдан бері түріктер 4,7 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған, 3 500-ден астам кәсіпорын құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі және логистика саласында жұмыс істейді. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы шамамен 7-8 млрд долларға жетті, ал 2030 жылға қарай көрсеткіш 10 млрд долларға баруы жоспарланып отыр.

Қазақстан Түркияға негізінен мұнай, металл, астық және химия өнімдерін экспорттайды, ал Түркия Қазақстанға машина жасау, тоқыма, құрылыс материалдары және тұрмыстық техника жеткізеді. Түркияның Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджуның айтуынша, өзара алмасу екі ел экономикасын толықтыруға сеп.
– Сауда байланыстарымен қатар Транскаспий халықаралық көлік дәлізі – Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық логистикалық арналардың бірі. Ол Қытайдың Сиань қаласынан басталып, Қазақстан арқылы Каспий теңізіне жетеді, одан әрі Бакуден Түркия мен Грузия арқылы Еуропаға жүк жеткізеді. Транскаспий бағыты – Ресейдің Транссібір дәлізіне қысқа және тиімді балама. 2017 жылы Орта дәліз арқылы 1,3 млн тонна жүк жеткізілген болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 3,5 млн тоннаны құрады, – деді елші.

Қазақстанда 13 халықаралық көлік дәлізі бар, ал Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерден Қазақстан, Әзербайжан және Түркия Орта дәліз бағытына қосылған. Түркі инвестициялық қоры бұл дәлізді 2040 жылға дейін дамыту жоспарын бекітті.
– Қазақстан мен Түркия арасындағы әлеует географиялық орналасу, бауырластық байланыстар және мәдени жақындыққа негізделеді. Қазақстан – Шығыс пен Батысты байланыстыратын көпір, ал Түркия – Орталық Азияның Еуропаға ашылатын қақпасы. Орта дәлізді тиімді пайдалану арқылы екі ел транзиттік жолдардан барынша пайда көре алады, – дейді Мұстафа Капуджу.

Түркі мемлекеттерінің экономикалық интеграциясы – ұзақмерзімді, перспективасы зор бағыт. Бүгінгі таңда елдер экономикалық әріптестікті жандандыру үшін алғашқы қадамдарын жасап отыр. Инфрақұрылым, логистика, инвестициялар және цифрлық даму салаларындағы бірлескен жобалар ортақ нарықтың тұрақты негізін қалыптастырады. Сарапшылардың пайымынша, бауырлас елдер әлеуетін біріктіре алса, Түркі әлемі Еуразияның жаңа экономикалық орталығына айналып, аймақтық тұрақтылық пен өркендеудің катализаторы бола алады.