Түрік бизнесі Сирияға оралды
АСТАНА.KAZINFORM — Биылғы жылдың басынан бері Түркияның Сирияға экспорты 36,7 пайызға өсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Оңтүстік-Шығыс Анадолы Экспортшылар Одағының (GAİB) дерегі Түркияның Сирияға экспортының 2025 жылдың алғашқы төрт айында 669,6 миллион доллар болғанын көрсетеді. Жөнелту көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,7 пайызға артты. Мысалы, 2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында экспорт 490 млн долларды құрады.
Әсіресе, сәуір айында күрт өсім байқалды. Сирияға экспорт көлемі осы айда 162 миллион долларға жетті, бұл 2024 жылдың сәуірінен 57,6%-ға өсті. Бұл секіріс Түркияның аймақ елдерімен саудасындағы ең маңызды көрсеткіштердің бірі болды.
Түркияның Сирияға экспортының артуы санкция саясатындағы халықаралық өзгерістермен сәйкес келді. Америка Құрама Штаттары Дамаскке қарсы санкцияларды жеңілдетуге дайын екенін және Еуропалық Одақ оларды алып тастау процесін бастағаннан кейін түрік бизнесі араб мемлекетімен экономикалық байланыстарды нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін көрді.
Түрік компаниялары Сирияны қалпына келтіруде маңызды рөл атқаруға дайын. Әрі Сирия нарығы мен Еуроодақ арасында көпір бола алады. Бизнес өкілдерінің пікірінше, Түркияның географиялық орналасуы және оның Таяу Шығыс нарықтарындағы тәжірибесі сауда өзара әрекеттесудің жаңа кезеңінде оған стратегиялық артықшылық береді.
Сарапшылар Сириямен сауда-саттықты қалпына келтіру түрік экспорттаушыларын қолдап қана қоймай, азық-түлік, құрылыс материалдары, құрал-жабдықтар және басқа да қажетті тауарларды жеткізу арқылы Сирия экономикасын тұрақтандыруға көмектесетінін баса айтады.
Бұған дейін Түркияның Сирияға қатысты саясатының үш негізгі бағытын анықтағанын, оның аймақтағы алдағы әрекеттерін айқындайтынын жазғанбыз.
Кейінірек Анкара мен Дамаск ағымдағы жылдың басынан бері сауда-экономикалық ынтымақтастықты айтарлықтай нығайтқаны хабарланды.