Түркі елдері бірлесіп ғарышқа ұшыратын «CubeSat» спутнигі қай бағытта зерттеу жүргізбек
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен бірлесіп қолға алынған «CubeSat» спутнигін құрастыруға өзбекстандық мамандар да қатысады.

Бұл хақында Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне сұхбат берген «Өзбекғарыш» агенттігі директорының орынбасары Мухиддин Ибрагимов мәлім етті.
— Қазіргі уақытта қазақстандық әріптестерімізбен бірге «CubeSat» спутнигін құрастыру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бұл жоба Түркі мемлекеттері ұйымы аясында қолға алынған. ТМҰ-ға мүше елдердің барлығы спутникті құрастыру оны ғарышқа шығару ісіне қолдау көрсетіп отыр. Өзбек тарапы да бұл жобаға қызығушылық танытады және қатысады. Бұл — ғылыми-техникалық жерсерік болмақ. Онда камера және зерттеу жүргізуге арналған бірнеше құрылғы болады. Негізгі міндет — спутниктің өзін сынап көру, — деп жауап қатты Мухиддин Ибрагимов Kazinform тілшісінің сауалына орай.
Еске салайық, жыл басында Мухиддин Ибрагимов Өзбекстан ТМҰ-ға мүше елдермен бірлесіп ғарышға спутник ұшыратынын айтып еді.
Қоса кетсек, былтыр Өзбекстан ғарыш кеңістігін зерттеуге бағытталған халықаралық шартқа қосылған еді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Өзбекстан ғарыш саласындағы серіктестікті нығайтуға ниетті.