Түрік лирасы дамушы елдердің валюталары арасында құнсыздану жағынан екінші орынға шықты

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың алғашқы бес айында түрік лирасы дамушы елдердің валюталары арасында ең нашар көрсеткіштердің бірін көрсетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Түрік лирасы дамушы елдердің валюталары арасында құнсыздану жағынан екінші орынға шықты
Фото: : businessweek.com.tr

АҚШ долларына қатысты түрік лирасының бағамы жыл басынан бері 10,9%-ға өсті, бұл түрік валютасын ұқсас экономикалар арасында құнсыздану бойынша екінші орынға шығарды.

Құнсыздану бойынша көшбасшы — Аргентина валютасы. Аргентиналық песо өз құнының 15,33%-ын жоғалтты. Ал ресей рублі геосаяси және экономикалық қиындықтарға қарамастан 31,71%-ға нығайып, ең көп күшейген валюта атанды.

Әлемдік валюталар қоржынына қатысты АҚШ долларының күшін көрсететін доллар индексі жыл басындағы 109,209 деңгейінен мамыр айының соңында 99,259-ға дейін төмендеді. Доллардың жалпы әлсіреуіне қарамастан, түрік лирасы өз ұстанымын жоғалтуды жалғастырды. 1 қаңтарда 1 АҚШ долларына 35,3585 лира берілсе, 30 мамырға қарай бұл көрсеткіш 39,2098 лираға жетті.

Лираның бұлайша күрт құнсыздануы ішкі инвесторларды да, халықаралық сарапшыларды да алаңдатуда. Негізгі себептер — инфляцияның сақталуы, сыртқы инвестициялардың аз келуі, импортқа тәуелділіктің жоғары болуы және елдің экономикалық саясатына сенімнің шектеулігі.

Экономистер құрылымдық реформалар мен тұрақты макроэкономикалық саясатсыз лираға деген сенімді қалпына келтіру мен валюта нарығындағы тұрақтылыққа қайта қол жеткізу қиын болатынын айтуда.

Бұған дейін Morgan Stanley инвестициялық банкі өз жаңа талдамалық есебінде 2025 жылдың екінші жартысында Түркия экономикасының перспективаларына қатысты оптимистік көзқарас білдіргені хабарланған болатын. Алайда бұл мәлімдемеден бір апта бұрын түрік лирасының бағамы тағы да құлдырады.

Айта кетелік Түрік лирасының құны түсіп баратыны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар