Түркістан облысында тасқын су көліктерді жол үстінен ағызып жіберді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында тасқын су жол үстіндегі көліктерді ағызып, жолдан шығарып жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Шолаққорған – Шаян» жолында тасқын су нөпірі «Toyota Camry» көлігін жолдан шығарып жіберген. Көліктегі екі адам дер кезінде құтқарылды.

Дәл осындай жағдай Арыс қаласында да болған. Мұнда су ортасында қалған «Нива» көлігінен 5 жолаушы қауіпсіз жерге эвакуацияланды.

Еске салайық, кеше Бәйдібек ауданындағы «Шаян – Мыңбұлақ» облыстық маңызы бар автожолымен келе жатқан «ВАЗ-2106» көлігін тасқын су ағызып әкеткен еді. Автокөлік ішінде 39 жастағы ер адам, 33 жастағы жүкті әйел мен 7 жасар бала болған. Олар түгелімен дерлік су астында қалған машинаның үстіне шығып, аман қалды. Тұрғындарды құтқаруға ұмтылғандар арасында болған Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Әкімбаев жүкті әйел мен баланы беліне арқан байлап судан алып шықты.

2 ақпанда Түркістан облысының бірнеше ауданын су басқан болатын. Адамдар эвакуацияланып, өңірге Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин ұшып шықты.

Сауран ауданында мектеп оқушылары онлайн оқуға көшті. Сондай-ақ осы ауданда 7 балабақша жұмысын тоқтатты. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды су кірген елді мекен тұрғындарымен кездесті.

Бүгін мәлім етілгендей, Сауран ауданының эвакуацияланған тұрғындары үйлеріне орала бастады. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин аталған ауданда төтенше жағдай жариялануы мүмкін екенін айтты.

Сондай-ақ Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Түркістан облысындағы су тасқынына қатысты соңғы мәліметтерді жариялады.

«Қазір республиканың оңтүстік өңірлерінде, оның ішінде Түркістан облысында су тасқыны жағдайы күрделене түсті. 1-2 ақпанда қатты жауын-шашын мен температураның 7-8 градусқа дейін көтерілуі нәтижесінде аталған облыстың 4 ауданын таудан еріген қар сулары шая бастады. Атап айтқанда, Сауран, Ордабасы, Созақ және Бәйдібек ауданының аумағы. Сондай-ақ Арыс және Кентау қалалары да бар. Салдарынан 21 елді мекен және 234 аула аумағы су астында қалды», - деді ол.

Видеодан алынған кадр


Соңғы жаңалықтар