Түркия мен Пәкістан Трамптың Газадағы бейбітшілік жоспарын қолдады
АСТАНА. KAZINFORM — Бірқатар мұсылман елдері АҚШ президентінің Газа секторындағы жағдайды реттеу жоспарын құптады, деп хабарлайды Report.

Түркия, Пәкістан, Египет, Иордания, Индонезия, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері және Сауд Арабиясы сияқты бірқатар мұсылман елі АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа секторындағы жағдайды реттеу жоспарын құптап, оны жүзеге асыру үшін Вашингтонмен ынтымақтасуға дайын екендіктерін білдірді.
Бұл туралы Пәкістан Сыртқы істер министрлігі мәлімдеген.
— Иордания Хашимит Корольдігі, Біріккен Араб Әмірліктері, Индонезия Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы, Түркия Республикасы, Сауд Арабиясы Корольдігі, Катар мемлекеті және Египет Араб Республикасының Сыртқы істер министрлері президент Дональд Трамптың басшылығын және оның Газадағы соғысты тоқтатуға бағытталған шынайы күш-жігерін құптайды. Оның бейбітшілікке жол таба алатынына сенім білдіреді, — делінген құжатта.
Осыған байланысты Сыртқы істер министрлері Трамптың соғысты тоқтату, Газаны қайта құру, Палестина халқының қоныс аударуына жол бермеу, жан-жақты бейбітшілікті ілгерілету және Иордан өзенінің батыс жағалауының аннексиялануын болдырмау туралы мәлімдемелерін құптайды.
— Министрлер келісімді аяқтау және аймақ халқы үшін бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақтылықты қамтамасыз ететіндей оның орындалуын қамтамасыз ету үшін Америка Құрама Штаттарымен және тараптармен оң және конструктивті қарым-қатынас орнатуға дайын екендігін растайды, — делінген бірлескен мәлімдемеде.
Бұған дейін Ақ үй Трамптың Газадағы жағдайды реттеуге арналған жоспарын жария етті.