Түркия мен Ресейдің ірі кәсіпорындары Ақтөбе кәсіпкерлерімен байланыс орнатуға келді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «MinTech-АқтөбеМұнайХим - 2018» халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Биыл алғаш рет Түркия, Ресей, Украинаның жаңа ірі өндіріс орындары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласында тау-кен, химия, металлургия, энергетика саласындағы ірі өндіріс орындарының көрмесі өтіп жатыр. Екі күнге жоспарланған көрмеге Қазақстан, Ресей, Түркия, Украина, Германия, Швейцария елдерінен ірі өндіріс орындары тауарлары мен қызметін ұсынды. Қазақстанға алғаш рет келген Түркияның «Asos Proses Makina San.ve Tic.A.S» компаниясы химия, тау-кен саласына қажетті ірі зауыттарды салуды жоспарлап отыр.
«Қазақстанға, Ақтөбеге алғаш рет келіп тұрмыз. Біз нарықты зерттеп, ұсыныстарды қабылдауға келдік. Химия, тау-кен саласына қажетті зауыттарды салып, инвесторға кілтті ұсынамыз. Сонымен қатар, көмір кептіретін аппарат шығарамыз. Инженерлік сараптама, жобалау, құрылыс, іске қосуды, мамандарды оқытуды компания өзі жүргізеді. Бірақ компания инвестиция салмайды. Ақтөбеге танысу үшін келдік. Қазақстанда бірде-бір жобамыз жоқ. Көбіне Еуропа елдері мен Ресей, Түркияда өндіріс орындарын іске қостық», - деді компанияның сату жөніндегі инженері Валентина Шевченко.
ҚР Үкіметінің, Ақтөбе облысы әкімдігінің және «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның қолдауымен өткізіліп жатқан көрмеге Ақтөбенің мыс, тау-кен, химия зауыттары қатысты.
«Көрме әр елдің кәсіпкерлерін байланыстырып, жаңа серіктес табуға көмектеседі. Алғаш қатысқандар серіктес тапса, келер жылы тағы қатысады. Ал байланыс орнатып, жобасы іске аспағандары басқа бағытты таңдайды. Көрме серіктесті шетелге барып іздемей, осында танысып, байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бәсекелестік жоғары, кейбір компания Қазақстан нарығына кіру жолын білмейді», - деді «ҚАЗЭКСПО» халықаралық көрме компаниясының директоры Римма Ғалымжанова.
Ақтөбеге химия зауыттарына, мектептегі химия кабинеттері мен ауыл шаруашылығына қажетті приборлар шығаратын Ресейдің «ПраймКемикалсГрупп» компаниясы да алғаш рет қатысты.
«Химиялық құрал-жабдықтарды Чехия зауыттарымен бірге шығарамыз. Лабораторияға қажетті приборларды мектепте, зауытта, фермаларда қолдануға болады. Қазақстанда серіктесіміз жоқ, бірақ көрмеден серіктес табамыз деп үміттеніп отырмыз. Қазақстан нарығы біз үшін маңызды», - деді компанияның сату жөніндегі жетекшісі Татьяна Денищенко. 

