Түркия Нетаньяхудың мәлімдемелеріне қатаң жауап қатты
АСТАНА. KAZINFORM — Анкара Израиль премьер-министрінің Түркияның аймақтағы рөлі туралы айтқан сөздерін жоққа шығарып, оларды бұрыннан келе жатқан риториканың бір бөлігі әрі Израиль басшылығының өз қадамдарынан назарды басқа жаққа аудару амалы деп атады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Түркия президентінің ресми өкілі, Мемлекет басшысы әкімшілігінің коммуникациялар жөніндегі директоры Бурханеттин Дуран Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Анкараның «империяны қалпына келтіруге ұмтылып отыр» деген ишарасына қатаң сын айтты.
— Аймақтағы өзге елдердің «империалистік амбициялары» туралы израильдік басшылардың пайымдауларын қазіргі заман тарихындағы ең ауыр қылмыстардың бірін жасағаннан кейін есту — ирониялы жағдай, — деп жазды Дуран X әлеуметтік желісінде.
It is ironic for Israeli leaders to speak about imperialistic ambitions of others in this region while they have just committed one of the worst genocides in history. Israel has been a destabilizing force and their long-standing hysteria about Türkiye’s power and influence is…
— Burhanettin Duran (@burhanduran) December 23, 2025
Ол Түркияның ықпалы мен рөліне қатысты Израильдің көптен бергі үрейі күлкілі көрінетінін де атап өтті.
Сондай-ақ Түркия өкілі Израильді ұлттық қауіпсіздік мүдделерін алға тарта отырып, аумақтық мақсаттарын бүркемелеуге тырысып отыр деп айыптады. Ол Израиль күштерінің Палестина мен Сирия аумақтарында әлі де қалуы осының дәлелі екенін айтты.
— Израиль премьер-министрінің ешқандай арзан шабуылдары мен қисынсыз мәлімдемелері бізді палестиналық бауырларымыз бен әпке-қарындастарымызды қолдаудан бас тартқыза алмайды, — деп мәлімдеді ол.
Анкараның мұндай қатаң реакциясы Нетаньяхудың Израиль, Грекия және Кипр арасындағы үшжақты саммит барысында жасаған мәлімдемелерінен кейін туындады. Бұған дейін Израиль билігі Башар Асад режимі құлағаннан кейін Сирияда Түркияның ықпалы күшеюі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдіріп, сондай-ақ Газада орналастырылуы жоспарланған халықаралық тұрақтандыру күштеріне Анкараның қатысуына қарсы шыққан болатын.