Түркияда әйелдер ерлерден 5 жылға ұзағырақ өмір сүреді

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияда өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Түркия статистика институты (TÜİK) 2022-2024 жылдарға арналған есебін жариялады, деп хабарлайды Анадолы агенттігі. 

қарт адамдар, қарттар, кәрілік, зейнеткер
Фото: Анадолы

Мәліметтерге сүйенсек, елде орташа өмір сүру ұзақтығы 78,1 жасты құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда артқан.

Әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 80,7 жас болса, ерлер үшін 75,5 жас. Бұл түрік әйелдерінің ерлерге қарағанда орта есеппен 5,2 жылға ұзағырақ өмір сүретінін білдіреді.
Тағы бір маңызды көрсеткіш — білім деңгейі мен өмір сүру ұзақтығы арасындағы байланыс. Есепке сәйкес, жоғары білімі бар 30 жастағы адамдар орта білімі барларға қарағанда шамамен 5 жыл ұзақ өмір сүреді.

Салауатты өмір сүру ұзақтығы орташа есеппен 57,6 жасты құрайды. Бір қызығы, бұл көрсеткіш бойынша, ерлер (58,9 жас) әйелдерден (56,3 жас) сәл асып түседі.
Сондай-ақ, 65 жасқа толған адамдар орташа есеппен тағы 18 жыл өмір сүреді деген болжам бар.

Түркияның денсаулық сақтау жүйесіндегі реформалар, медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған шаралар, дене белсенділігін арттыру бұл өсімге оң әсер етуде.

Еске сала кетейік, Жапония әйелдердің өмір сүру ұзақтығы бойынша тағы рекорд орнатты

Соңғы жаңалықтар