Түркияда «блогер мұғалімдерді» тексеру басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Ұлттық білім министрлігі кәсіби этика нормаларына сілтеме жасай отырып мұғалімдердің әлеуметтік желілердегі белсенділігін бақылауын күшейтті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Ведомство әлеуметтік желілерде белсенді және айтарлықтай оқырманы бар мұғалімдерге қатысты тергеу бастады. Бұл бастама азаматтардың жекелеген инфлюенсер-педагогтер контентіне көңілі толмауынан туындады.
Белгілі болғандай, жекелеген оқытушылардың кейбір жарияланымдары мен бейнематериалдары мұғалімдер қауымдастығының мүшелеріне қойылатын кәсіби және этикалық стандарттарға сәйкес келмейді. Министрлік мұғалімдердің қоғамдық цифрлық кеңістіктегі мінез-құлқы оқушылар үшін үлгі болуы керек екенін атап өтті.
Бұдан басқа, Түркияның «Педагогикалық кәсіп туралы» заңына сәйкес, білім беру мекемелеріндегі мұғалімдер мен әкімшілік қызметкерлер оқушылардың суреттерін тек ата-аналарының рұқсатымен ғана бөлісе алады. Оқушыларға немесе білім беру процесіне қатысты аудио немесе бейне материалдарды бөлісу арқылы ережелерді бұзған қызметкерлерге сөгіс жариялануы мүмкін. Тәртіптік жаза мұғалімнің жеке ісінде бес жыл бойы сақталады.
Тексерулер кәсіби этика мен қолданыстағы ережелердің сақталуын бағалауға бағытталған. Ведомство бұл әлеуметтік желілердегі белсенділікке толық тыйым салуды білдірмейтінін, алайда педагогтің білім беру мәртебесі қосымша міндеттемелер жүктейтінін атап өтеді.
Бұдан бұрын Түркия өткен жылы 180 мәдени жәдігерін елге қайтарғанын жазған едік.