Түркияда бірнеше қалада жерасты дүмпуі тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Түркияның Адана, Мугла және Сивас провинцияларында сейсмикалық белсенділік байқалды. Бұл туралы Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасы (AFAD) мәлімдеді.

Алғашқы жер сілкінісі таңертең Адана провинциясында орын алды. Магнитудасы – 4,5 балл. Жерасты дүмпуі қала мен оның маңайында сезілген. Алайда уәкілетті органдардың мәліметінше, ешқандай қирау немесе зардап шеккендер болмаған.
Біраз уақыттан соң Мугла провинциясына қарасты Датча ауданында магнитудасы 3,8 балл болатын жер сілкінісі болды. Бұл аймақ сейсмикалық белсенділігімен жиі ерекшеленеді. Бұл жолы да зардап шеккендер мен қирау фактілері туралы хабар түспеген.
Үшінші жер сілкінісі елдің орталық бөлігінде — Сивас провинциясында тіркелді. Магнитудасы 3,0 балл. Бұл бүгінгі жерасты дүмпулері арасындағы ең әлсізі болғанымен, AFAD мамандарының назарын аудартты.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай жер сілкіністері Түркия үшін қалыпты құбылыс, өйткені ел бірнеше тектоникалық плитаның түйіскен тұсында орналасқан. AFAD жағдайды бақылауды жалғастырып, азаматтарды сабыр сақтауға, ресми хабарламаларды қадағалауға және қайталануы мүмкін дүмпулер кезінде сақтық шараларын ұстануға шақырады.
Сейсмологтар аталған өңірлердегі белсенділікті бақылап отыр және болашақта болуы мүмкін қуатты жер сілкіністеріне дайын болудың маңыздылығын атап өтеді.
Еске салсақ, бұған дейін 23 сәуірде Ыстанбұлда магнитудасы 6,2 балл болатын жер сілкінісі болып, мыңдаған ғимарат зақымданып, жүздеген тұрғын медициналық көмекке жүгінгені хабарланған еді.