Түркияда контрафактілі ішімдіктен 59 адам көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM – Түркияда метил спиртінен уланған 59 адам қайтыс болып, тағы 35-і ауыр халде жансақтау бөліміне түскен.

Анкарада контрафактілі ішімдіктің салдарынан болған қайғылы оқиғалар әлі де толастар емес. Анкара прокуратурасы аймақтық прокуратуралармен бірлесіп, контрабанда және қасақана адам өліміне әкеп соқтыру фактілері бойынша ауқымды тергеу жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта 28 күдікті ұсталды, іске қатысы бар тағы 30 адам қолхатпен босатылды.
Не себепті Түркияда контрафактілі ішімдіктен адамдар көз жұмып жатыр ?

Пайда көздеген контрафактілі ішімдік жасау үшін арзан, сапасыз спиртті пайдаланады. Көбінесе бұл - метил спирті, яғни метанол. Ол өнеркәсіпте қолданылатын және адам тұтынуға арналмаған спирт. Осындай спирт антифриз, бояу еріткіштер және тазалау құралдары сияқты өнімдерде кездеседі.
Мамандардың айтуынша, алкоголь нарықтағы бағадан айтарлықтай төмен бағамен сатылса, оның контрафактілі болу ықтималдығы жоғары.
Осыған дейін Түркияда жалған алкогольден зардап шеккендер саны 30-ға жеткені туралы жаздық.