Түркияда көз жұмған екі қазақстандықтың мәйіті елге жеткізілді - СІМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбековтің мәйіті елге жеткізілді. Бұл ақпаратты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбеков Түркиядағы жер сілкінісінен кейін қаза тапты. Олардың мүрдесі Хатай өлкесіндегі Антакья қаласында толықтай қираған ғимарат үйінділерінің астынан табылды. Бүгін олардың мәйіті Отанына жеткізілді», - деді Айбек Смадияров.

Естеріңізге сала кетсек, Түркияның Хатай провинциясына қарасты Антакья қаласында жүргізілген іздеу жұмыстарының барысында 9 ақпан күні таңғы сағат 9-да үйінділер астынан екі адамның мәйіті табылды. Оның біреуі түркиялық Құбылай Кескин болып шықты. Екінші мүрде - Әділ Қадырбековтікі. Оны марқұмның туыстары растады.

Ал 10 ақпанда Мирболат Құрмашевтің денесін құтқарушылар үйінді астынан алып шыққаны белгілі болды.

Түркиядағы алапат зілзала 6 ақпан күні Түркияның Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 балл қуатымен және Эльбистанда 7,6 балл қуатымен басталған еді.

Жер сілкінгеннен кейін артынан 648 афтершок болған.

Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда сезілді.


Соңғы жаңалықтар
telegram