Түркияда соңғы жер сілкінісінен кейін үйінді астынан 32 адам құтқарылды

АНКАРА. ANADOLU. ҚазАқпарат – Бүгін Түркияның Малатья провинциясында 5,6 балдық жер сілкінісі болды. Зілзаладан кейін қираған үйінділер астынан 32 адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
None
Фото; Анадолу Агенттігі

Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою басқармасының (AFAD) басшысы Юнус Сезердің айтуынша, жерасты дүмпулері 29 тұрғын үйдің құлауына әкеліп соқтырды. Салдарынан бір адам қаза тауып, 110 тұрғын жарақат алды.

Жер сілкінісінен қираған екі үйдің үйінді астынан адамдарды құтқару жұмыстары жалғасуда және оған 657 адам жұмылдырылды.

Сондай-ақ, Түркияның төтенше жағдайлардың алдын алу және жою басқармасының басшысы азаматтарға қираған үйлерден аулақ болу керектігін еске салды.

«Апат аймағында тұратын барлық азаматтың ұялы телефондарына SMS-хабарлама жіберілді. Жер ара-тұра сілкініп жатыр, зақымданған үйлер құлауы мүмкін», - деді Юнус Сезер.

Айта кетсек, Түркияның Малатья провинциясында 5,6 балдық жер сілкінісі болды.

Зілзала жергілікті уақыт бойынша сағат 12:04-те тіркелген. Оның эпицентрі Йешилютр ауданында болды. Жер сілкінісінің ошағы 6,96 км тереңдікте жатыр.


Соңғы жаңалықтар