Түркияда жалған доллар жасайтындар көбейіп кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Жалған ақша жасайтындар көбінесе 50 және 100 долларлық банкноттарды таңдайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

доллар
Фото: unsplash

Белгілі болғандай, жалған доллар негізінен Түркиядағы ең ірі және ең көне базарлардың бірі - Қапалы Чаршыда тарайды. Бұл базар Ыстанбұл қаласында орналасқан. Онда саудагерлер мен туристердің ағыны мол екендігін білген әр түрлі елден келген қылмыскерлер сауда жасағанда жалған долларларды пайдаланады.

Түркия банктер қауымдастығы елдің екінші деңгейлі банктеріне қауіпсіздік шараларын күшейтуді қатаң түрде ұсынып, ресми ескерту жолдады. Жеке қаржы институттары өз қызметкерлеріне әсіресе 50 долларлық банкноттармен жұмыс істеген кезде аса сақ болуды тапсырды.

Қазіргі замандағы жалған ақшалардың сапасы өте жоғары болғандықтан оны санау машиналары мен ультракүлгінді сәулелер арқылы тексерген кезде анықтай алмай қалу қаупі жоғары. Сондықтан бұл мәселенің өзектілігі артып отыр.

Авторизацияланған айырбастау пункттері қауымдастығының төрағасы Мұстафа Үнвер жалған доллардың басым бөлігі Азия, Таяу Шығыс және Балқан елдерінен келетінін айтты.

«Жалған банкноттардың таралуы елдің қаржы жүйесіне нұқсан келтіріп, қолма-қол ақша төлемдеріне деген сенімді азайтады, - деді ол.

Осыған дейін Түркияға заңсыз 190 кг алтын тасымалдаған трансұлттық ұйымдасқан топ басшысы 11 жылға сотталғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар