Түркияда жоғалып кеткен ресейлік жүзушінің туыстары сотқа шағым түсірмек
АСТАНА. KAZINFORM – Түркияда із-түссіз жоғалып кеткен жүзуші Николай Свечниковтың отбасы өтемақы талап етіп, сотқа шағым түсірмек, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Ыстанбұлда із-түссіз жоғалған ресейлік жүзушінің туыстары өтемақы өндіру үшін сотқа шағым түсіруге дайындалып жатыр. Бұл туралы оның анасы Галина Свечникова хабарлады. Оның айтуынша, істі заң жүзінде дайындаумен адвокат айналысып отыр.
– Түркиядағы адвокат талап арыз дайындап жатыр. Біз өтемақы талап етеміз, бірақ әзірге барлық егжей-тегжейін аша алмаймыз, - деп мәлімдеді ол.
Спортшыны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
– Іздеу амалдары жүріп жатыр, әзірге нәтиже жоқ. Олар кеңейтіліп, Мәрмәр теңізінде жүзеге асырылады деп үміттенеміз, - деп қосты Галина Свечникова.
Николай Свечников Түркияда Босфор бұғазы арқылы жүзу кезінде жоғалып кетті. Ресей мен Түркия билігі бұл іс бойынша ынтымақтастықты жалғастырып келеді.
Босфор арқылы құрлықаралық жүзу 1989 жылдан бері өткізіліп келеді және ашық суда жүзу бойынша ең беделді бұқаралық жарыстардың бірі саналады. Беделіне қарамастан, соңғы жылдары қатысушылар ұйымдастыру деңгейі және қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылығын білдіріп жүр.
Түркияда Босфорды жүзіп өтпек болған ресейлік жүзушіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатқанын жазған едік.
Бұған дейін Босфор арқылы өткен құрлықаралық жүзу кезінде ресейлік спортшы Николай Свечниковтың жоғалуынан кейін, Ыстанбұлда тағы бір шетелдік азамат — Беларусь спорттық ынтымақтастық қорының халықаралық бөлім басшысы Анатолий Котов жұмбақ жағдайда із-түзсіз кеткенін жазған болатынбыз.