Түркиядағы жер сілкінісі: сарапшылар қалаларды нығайту бойынша шұғыл шара қабылдауды талап етті
АНКАРА. KAZINFORM – Балыкесирдегі жер сілкінісі Түркияға сейсмикалық қатерді тағы бір мәрте еске салды. Бұл жөнінде түрік сарапшылары не дейді және қандай болжамдар жасағанын Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі жазды.

Белгілі болғандай, кеше Батыс Анатолияда, Түркияның Балыкесир провинциясына қарасты Сындыргы ауданында магнитудасы 6,1 болатын күшті жер сілкінісі болды. Күшті дүмпулер тек жергілікті тұрғындарды ғана емес, көршілес өңірлерді де дүрліктірді.
Ресми дерекке сай, жер асты дүмпулерінің салдарынан бір адам қаза тауып, 29 адам жарақат алды. Anadolu агенттігінің мәліметінше, бір ғимарат қирап, 13-і қатты зақымданған, тағы 60-тан астамы жеңіл бүлінген. Негізгі сілкіністен кейін 237 афтершок тіркелген.
Сейсмологтар жағдайға дереу түсініктеме беріп, елде жер сілкіністеріне дайын болудың аса қажеттігін еске салды. Олар Түркияның жоғары сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын атап өтті.

Профессор Наджи Гөрюр жер сілкінісінің Сындыргы ауданында, Симав сейсмикалық жарықшақ аймағында болғанын айтты, бұл аймақ «шамалы» деп саналмайды. Дегенмен ол бұл өңірде одан да күшті жер сілкінісі болады деп күтпейтінін жеткізді. Ғалымның айтуынша, мұндай апаттардың салдарын азайтудың жалғыз жолы – жер сілкінісіне төзімді қалалар салу.
— Біз жылдар бойы сейсмотөзімді қалалар салу қажеттігін айтып келеміз. Бұлай ескертіп келе жатқанымызға қанша болды? – деп наразылық білдірді профессор.
Өз кезегінде профессор Сүлейман Пампал мұндай жер сілкінісі күтілгенін айтты, себебі соңғы айларда бұл аймақта магнитудасы 4-5 болатын дүмпулер жиі болған. Ол Батыс Анатолия Түркиядағы ең жоғары сейсмикалық қауіп аймағы екенін еске салып, бұл оқиғаның Ыстанбұлда күтіліп отырған ірі жер сілкінісімен байланысты емес екенін атап өтті.
Сонымен қатар, ғалым Осман Бекташ Түркиядағы сейсмикалық жағдайды «өсіп келе жатқан ісікке» теңеп, Сындыргыдағы жер сілкінісі бұл кеңейіп келе жатқан кластердегі соңғы оқиға емес екенін ескертті. Оның айтуынша, деформация аймағы батысқа (Маниса, Измир қалаларына), оңтүстікке (Айдын, Мугла қалаларына) және шығысқа (Ыспарта, Афьон қалаларына) қарай кеңеймек.
Онымен қатар, профессор Окан Тюйсюз кейбір қираған ғимараттарда құрылыс материалдарының сапасы нашар болғанына назар аударды.

— Бетон конструкцияларда диаметрі 10 см-ге дейінгі қиыршық тас қолданылған. Дәл осындай мәселе бұрын Челтиксуйюдағы жер сілкінісінде байқалды, сол кезде 85 адам қаза тапқан еді, — деді Тюйсюз.
Сонымен бірге сарапшы Шериф Барыш бұл жер сілкінісінің Мәрмәр теңізі аймағындағы белсенділікке еш әсер етпейтінін растады.

— Түркияда әрбір сезілетін жер сілкінісі кезінде бір сұрақ туындайды: «Бұл Ыстанбұлда күтілетін жер сілкінісімен байланысты ма?» Менің жауабым – жоқ! Түркия – бұл тек Мәрмәр өңірі ғана емес. Біз басқа да қауіп аймақтарына назар аударуымыз керек, — дейді профессор.
Жалпы, сарапшылар мен қарапайым халықтың пікірі бір арнаға тоғысады: сейсмотөзімді ғимараттар салып, азаматтарды жүйелі түрде төтенше жағдайларға дайындау — үйреншікті тәртіпке айналуы тиіс. Белсенді тектоникалық плиталардың түйіскен тұсында орналасқан Түркия 2023 жылғы ақпандағы қайғылы оқиғалардан сабақ алуды естен шығармауы керек.
Түркия халқы Сындыргыда болған жағдайды жай табиғи құбылыс емес, құрылыс, қалалық жоспарлау және тәуекелдерді басқаруға деген көзқараста бетбұрыс болуы тиіс ескерту сигналы ретінде қабылдауда.
Басты сейсмологтардың пікірлері айқын: Түркиядағы жер сілкіністері — сирек кездесетін ерекшелік емес, шынайы шындық. Алайда олардың салдары қаншалықты жойқын болатыны — табиғатқа емес, адамдарға байланысты.
Кейбіреулер бұл оқиға «үлкен Ыстанбұл жер сілкінісіне» әсер ете ме деп сұраса, ғалымдар одан маңызды мәселені көтереді: үнемі «тревога» режимінде өмір сүруді доғарып, алдын алу әрекеттерін жасау уақыты келді.
Бұған дейін 10 тамыз кешінде Түркияның батысында магнитудасы 6,1 балдық жер сілкінісі болғанын хабарлаған едік. Жер сілкінісінің салдарынан шамамен 10 тұрғын үй қирап, бір адам қаза тапты.