Түркияға көрпе жіберіп, отқа оранған Семей орманында тамақ пісірген: ШҚО-да көпбалалы аналар волонтер болып жүр

- Алтын уақытыңызды көпбалалы аналарға көмек көрсетуге арнауыңызға не түрткі болды?
- 2019 жылы Астанада 5 бірдей қыздың өмірін өрт жалмағаны мұқым Қазақстан халқының қабырғасын қайыстырды. Бұл оқиға көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау қажеттігін айқын көрсетті. Өзім де көпбалалы анамын. Өскемендегі әйелдер бірігіп «Ақжүніс» атты ерікті аналар тобын құрып, әкімдікке бардық. Осындай топтар сол жылы еліміздің түкпір-түкпірінде құрылып жатқан-тұғын. Сөйтіп, әкімдіктің табалдырығын алғаш аттап көрдім. Ол жақта біздің шағымдарымызды мұқият тыңдап, шешу жолдарын ұсынды. «Жүргенге жөргем ілінеді» демекші, аналардың мәселелері біртіндеп шешіле бастады. Бізге облыстағы әрбір мемлекеттік мекеме басшыларымен тікелей сөйлесіп отыруға жағдай жасалды.


- Көпбалалы аналарды толғандырған ең негізгі мәселе қандай еді?
- Баспана мәселесі. Одан кейін мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналар медициналық көмектің сапасына шағымданды. Балаларын мектепке дайындауға көмек сұрап, тегін ыстық тамақпен қамту қажеттігін айтқандар да болды. Әйтеуір, сол жылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, мемлекет көпбалалы отбасылардың жағдайына баса назар аударды. Бір жылдың ішінде облыс бойынша әлеуметтік тұрғыда аз қамтылғандарға 300-ден астам баспана берілсе, оның ішінде көпбалалы жанұялар да аз болған жоқ. Көп ұзамай Шығыс Қазақстанда көпбалалы отбасылардың үй кезегі бөлек шығарылды. Бұл да баспанасыз жүрген аналардың санын азайта түсуге сеп болды.

2020 жылдан бастап тек үй берілуіне ғана емес, сол үйлердің сапасына, отбасылардың қандай жағдайда тұрып жатқандығына көңіл бөлуге көштік. Өңірдегі меценаттарды, жанажыр жандарды тартып қаржылай қиындыққа тап болғандарға азық-түлік, киім-кешек алып беріп отырдық. Әлеуметтік желі арқылы ақша жинап, қайырымдылық концерттер өткіздік. Сол концерттерде көпбалалы әйелдердің өнерлі балалары ән-биден шашу шашты.
Бізге келетін әр анаға өз құқықтарын түсіндіріп, сұрақтарына бірлесе жауап іздедік. Коронавирус пандемиясы кезінде көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды 3000 маскамен қамтамасыз еттік. Әр масканы топ мүшелері өз қолдарымен тікті. Ауыр жағдайда қалған жандарға жәрдем көрсетіп, дәрі-дәрмек жеткіздік. Жалпы пандемия кезінде 350 отбасына осылай қолдау көрсетілді.

- «Jan Ana» қоғамдық бірлестігі ретінде қашан тіркелдіңіздер?
- 2022 жылдың ақпан айында бірлестігіміз заңды түрде тіркелді. Өз қаражатымызға қаланың орталық көшесінен кеңсе аштық. Сол жылы 8 наурыз мерекесіне орай көпбалалы аналарға және қыздарға ШҚО Достық үйінде үлкен мерекелік іс-шара ұйымдастырып, ал Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қаладағы орталық алаңда 6 қанатты киіз үй тігіп, 200 литр наурыз көже мен 1000 бауырсақ таратылды. Ал биылғы әз-Наурызда 500 литр көже, 4000 бауырсақ тараттық. Құрбан айт кезінде 270-ке жуық отбасына қайырымдылық жасалды. Бірлестік аналары қоғамдық шаралардан да қалыс қалмай, «Самал» саябағындағы алма ағаш көшеттерін отырғызуға атсалысты.

Абай облысы құрылғанда Семейде аналар арасында ауқымды сайыс өткізілген еді. Сонда 7 ана бардық. Бірлестік мүшесі Гүлбаран Көксегенова Томирис патшайымның ерекше авторлық костюмін тікті. Сөйтіп, бірінші орынға ие болып, алты тігін машинасын ұтып алдық. Сол машиналар арқылы аналарды тігіншілікке баули бастадық. Себебі «Балық берме, қармақ бер» дегендей, оларға ақша табуға мүмкіндік жасауды негізгі бағдарға айналдырғымыз келді.
- Осыған кеңірек тоқталсақ. Көпбалалы аналарды жұмыспен қамту үшін қандай жұмыстар атқарылды?
- Жергілікті жұмыспен қамту орталығымен тығыз байланыстамыз. Сол арқылы «Бастау Бизнес» бағдарламасымен әйелдер кәсіптік білім ала бастады. Шаштараз, аспаз, тігінші сынды мамандықтарды меңгеріп, сертификат алып шықты. Гүлбаран Көксегенова өзіміздің кеңседе де тігіншілік курсын ашып, 7 анаға үйретті. Белсенді аналарымыздың бірі Маржан Қайсенова тәлім-тәрбиеге, дәстүрге баулитын үйірме ашты. Енді бірі сурет үйірмесін қолға алса, екіншісі логопед, логомассаж сабақтарын жүргізді. Бәрі тегін. Жұмысымыз қызып кетті. Кеңсе тарлық еткен соң, 2022 жылдың желтоқсан айында қазіргі отырған жерге көшіп келдік. Содан бері ресми түрде «Жанұя» орталығы деп аталамыз.

Есігімізді қаққан әр анаға мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін жіті түсіндіріп, туындаған мәселелерін құзырлы мекемелермен бірлесе шешеміз. Заңгерлік, психологиялық көмек көрсетеміз. Іште шаштаразымыз бар. Ол апта сайын балалардың шашын тегін алып, аналарға шаш қиюды үйретеді. Айына бір рет шаштараз аналар қайырымдылық мақсатында қарттар, балалар үйлеріне барып шаш қиып келеді.
«Көреген ене, ибалы келін», «Қыз сыны» атты байқаулар, түрлі мәдени шаралар өткізіп тұрамыз. Аналарымыз, балаларымыз белсенді қатысуда. «Jan Ana» атты волейбол командасын құрып, күн сайын жаттығып, жарыстарға да қатысып жүрміз.
«WhatSapp» мессенджерінде топтар аштық. Онда барлығы 1000-ға жуық ана отырады. Сонда да түрлі тақырыптар талқыға салынып, мәселелер көтеріліп жатады.

- Қиын жағдайға тап болып, қазір мәселесі шешілген 1-2 ананың оқиғасын айтып берсеңіз.
- Өскемен іргесіндегі Ахмер кентінде ішкілікке салынған еркек әйелі мен 5 баласын қыста далаға қуып шыққан. Аялдамада тоңып тұрған ол бізге қоңырау шалды. Оларды түгел алып кетіп, «Үлбі» әлеуметтік орталығына орналастырдық. Заңгеріміз полицияға барып, мән-жайды жеткізді. Күйеуі әкімшілік қамаққа алынып, әйелі мен балалары үйіне оралды. Бірақ мақсат – балаларды әкеден айыру емес қой. Бостандыққа шыққан ер адам тұрақты бақылауға алынып, түсіндіру жұмыстары, психологиялық көмек көрсетілді. Қазір мәселе шешілді, ол анамыз бақытты, тұрақты жұмысы да бар.
Тағы бір оқиғаны айтып өтейін. Шешелері қайтыс болып, балалары жетім қалған. Ал әкесі Өзбекстан азаматы екен. Осында ара-тұра келген сайын ащы судан ұрттап алып, әйелі мен балаларын ұрып-соғып жүріпті. Тіпті балтамен де жүгірген. Аналары марқұм болған соң отбасына жәрдемақы түсіп тұратын банк карточкасын өзімен алып, шетелге кетіп қалған. Сөйтіп, балалар қалай күн көрерлерін білмей қиналған. Бізге хабарласқан соң Өскемен қалалық Полиция басқармасының бастығына кіріп, мәселені түсіндіріп айттық. Тәртіп сақшылары әлгі еркекті қалаға келгенде ұстап, 20 күнге қамауға алды. Содан кейін ол Өзбекстанға жөнелтіліп, банк карточкасы балаларға қайтарылды.

- Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендерге көрпе тігіп жіберіпсіздер. Сол жайлы айтып өтсеңіз.
- Бауырлас түрік халқының басына қиыншылық түскенде тасада қалмай, қолұшын созғымыз келді. Аналар жиналып, күні-түні көрпе тіктік. Барлығы 100-ден астам көрпені гуманитарлық көмекке қосып жібердік. Биыл Семей орманында алапат өрт шыққан кезде 100 келі ет пен түрлі азық-түлік жинап, 7 әйел сонда бардық. Сол жерде бір күн қонып, өрт сөндірушілерге тамақ пісіріп, қолдау көрсеттік.
- Алдағы жоспарларыңыз қандай?
- Заманауи тігін цехын ашқымыз келеді. Онда этно шапандар, ұлттық киімдер тігіп, қыз жасауын дайындасақ дейміз. 12 тігіншіміз дайын. Содан кейін тек қалада жұмыс істей бермей, аудандарға да ден қойсақ деген жоспар бар. Нақты айтқанда, Самар ауданы мен Риддер қаласында «Жанұя» орталығының филиалын ашуды көздеп отырмыз. Ол жақтағы әкімдіктер қолдау танытты. Қазір бізге берілетін нысан іздестіруде.
- Әңгімеңізге көп рахмет!
