Түркияның Анталья қаласында ресейлік әйелді қайық басып қалып, көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM – Ресейдің 42 жастағы азаматшасы Линария Музипова қайық астында қалып көз жұмды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қайғылы оқиға Кемер курорттық қаласындағы Чамюва жағажайының жанындағы болды. Парассейлинг қызметін (катер артынан парашютпен ұшу) көрсететін компанияға тиесілі катер қалқымалы белгі орнатылған жерден шығып кетіп, теңізде жүзіп жүрген әйелмен соқтығысқан.
Оқиға куәгерлері — құтқарушылар мен су спорты компаниясының қызметкерлері оқиға туралы дереу төтенше жағдайлар қызметіне хабарлаған. Оқиға орнына дәрігерлер, жандармерия қызметкерлері және Кемер жағалау күзеті келді. Алайда келген дәрігерлер оның қайтыс болғанын анықтады.
Әйелдің денесі Анталья сот-медицина институтының мәйітханасына жеткізілді. Қайық капитаны мен су спорты компаниясының өкілі жауап алу үшін ұсталды. Чамюва аймағындағы барлық су аттракциондарының жұмысы уақытша тоқтатылды. Қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Босфор арқылы өткен құрлықаралық жүзу кезінде ресейлік спортшы Николай Свечниковтың жоғалуынан кейін, Ыстанбұлда тағы бір шетелдік азамат — Беларусь спорттық ынтымақтастық қорының халықаралық бөлім басшысы Анатолий Котов жұмбақ жағдайда із-түзсіз кеткенін жазған болатынбыз.