Ауғанстан мен Пәкістан: Ыстамбұлда атысты түпкілікті тоқтату мәселесі талқыланады
АСТАНА. KAZINFORM — Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның нұсқауымен Дохада келіссөздер өтіп, онда Пәкістан мен Ауғанстан арасында сындарлы диалог орнатуға мүмкіндік туды, деп хабарлайды Анадолы.
Түрік қауіпсіздік агенттіктеріндегі дереккөздердің хабарлауынша, келіссөз Түркия Ұлттық барлау ұйымының (MIT) басшысы Ибрахим Калынның қатысуымен өткен.
Атысты тоқтату туралы пікірталасқа екі елдің жоғары лауазымды тұлғалары, соның ішінде Пәкістан мен Ауғанстанның барлау қызметінің басшылары мен қорғаныс министрлері қатысты. Кездесудегі негізгі мәселелер атысты тоқтату мерзімін ұзарту, сондай-ақ шекарадағы соңғы қарулы оқиғалардың шешімін табу болды.
Түннің бір уағына дейін жалғасқан келіссөзді мемлекет басшылары жіті бақылап, талқылаулардың барысы туралы жедел ақпарат алып отырды.
Ыстамбұлда атысты тоқтату туралы мәліметтер талқыланады
Атысты түпкілікті тоқтатуды қамтамасыз ету үшін алдағы күндері қосымша кездесулер өткізу жоспарланған. 14 сағатқа созылған келіссөздің қорытындысы бойынша келісімді егжей-тегжей әзірлейтін техникалық комитеттің бірінші отырысы Ыстамбұлда өтеді деп шешілді.
Бұл кездесуде тараптар терроризмге қарсы күрес, көші-қон ағынын басқару және шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты мәселелерді түпкілікті шешу үшін ұзақ мерзімді шараларды әзірлеуге назар аударады.
Бұған дейін Ыстанбұлда 11 қазан күні Түркия, Пәкістан және Катар барлау қызметтері басшыларының үшжақты кездесуі өтті. Онда Ауғанстан билік өкілдерімен байланыс орнатылды.
Айта кетейік, осыған дейін Ауғанстан мен Пәкістан атысты тез арада тоқтату туралы келісімге келгені туралы жаздық.