Түркияның шығысында 5,3 балдық жер сілкінісі болды

АНКАРА. АНАДОЛЫ-ҚазАқпарат – Түркияның шығысындағы Малатья провинциясында 5,3 балдық жер сілкінісі болды. Бұл туралы осы елдің ТЖ залалын жою басқармасы (AFAD) мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
None
Фото: Volkan Kaşik/Anadolu Agency

AFAD мәліметінше, жер сілкінісі жұма күні сағат 20:48-де тіркелді. Оның эпицентрі Малатья провинциясының Ешилюрт ауданында болды. Ошағы 7 км тереңдікте.

Агенттіктің хабарлауынша, жер сілкінісі Малатьяда, сондай-ақ Кахраманмараш, Адыяман, Шанлыурфa және Газиантеп қалаларында сезілді. Көптеген қала тұрғындары дүмпулерді сезініп бірден көшеге шыққан.

«Біздің бригадалар далалық зерттеулер жүргізуде. Қазіргі кезде Батталгазы ауданындағы қараусыз қалған 1 ғимарат қирады. Көшеден өтіп бара жатқан бір бала аяғын сындырып, ауруханаға жеткізілді. Бірнеше адам балконнан секірген», - деді Малатья провинциясының басшысы Эрсин Языджи.

Еске сала кетсек, 6 ақпанда Түркияда магнитудасы 7,7 балдық жойқын жер сілкінісі болды. Эпицентрі Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында болған зілзала ошағы 7 шақырым тереңдікте болған. Жер сілкіну салдарынан Хатай, Газиантеп, Килис, Османие, Малатья, Адыяман, Шанлыурфа, Диярбекир, Адана және Кахраманмараш провинцияларында көптеген ғимараттар қирады.

Түркияның оңтүстік-шығысында жер сілкінісі құрбандарының саны 50 мың адамнан асты.

Жүздеген афтершокқа ұласқан жерасты дүмпулері елдің 11 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді.


Соңғы жаңалықтар