Түркістан әуежайын жекеменшікке беру 2027 жылға қалды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан халықаралық әуежайын сенімгерлік басқаруға беру мерзімі шегерілді. Нысан 2027 жылы инфрақұрылымдық жобалар, соның ішінде теміржол желісінің құрылысы аяқталғаннан кейін ғана берілмек. 2026 жылы қызметкерлердің жалақысын жергілікті бюджеттен қаржыландыру жалғасады.
Облыстық жолаушылар көлігі басқармасы мен Түркістан әуежайының басшылығы агенттіктің ресми сауалына жауап берді. Ведомстволар әуежайды инвесторларға берудің қаржылық көрсеткіштерін атап, мерзімінің шегерілу себептерін айтты. Сондай-ақ ірі шетелдік компаниялармен өткен келіссөздердің мән-жайын баяндады.
Түркістан халықаралық әуежайы 2020 жылы ашылды, қазіргі уақытта ол облыс әкімдігінің коммуналдық меншігінде тұр. Нысанды 2025 жылдың соңына дейін 10 жылға сенімгерлік басқаруға беру жоспарланды. Жоба жолаушылар ағынын арттыруға, жүк тасымалы мен өңірдің туризмін дамытуға мүмкіндік береді деп болжады.
Әлеуетті инвесторларға не ұнамады?
Сенімгерлік басқару жүйесіне бұған дейін бірнеше компания, соның ішінде Alpha Sky, Sovico Group, Sky Hansa және JanaPort Holding LTD компаниялары қызығушылық танытқан болатын. Дегенмен, әлеуетті инвесторлармен уағдаластыққа қол жеткізу мүмкін болмады. Облыстық жолаушылар көлігі басқармасы түсіндіргендей, болашақ басқарушы компанияға қойылған негізгі шарт — авиациялық хабты кешенді түрде дамыту, оны үш жыл ішінде өзін-өзі ақтайтын деңгейге шығару.
— Түркістан облысының әкімдігі әуежайды жолаушылар мен жүк тасымалы арқылы табысты нысанға айналдыру үшін жұмыс орындарын сақтау, жаңа авиамаршруттар ашу және әуе кемелерін сатып алу талаптарын қойды. Алайда, аталған компаниялар осы уақытқа дейін бұл талаптар бойынша нақты шешім мен ұсыныс білдірген жоқ, — деп хабарлады басқарма басшысы Қуатжан Жұматаев.
Әуежай стратегиялық нысан болғандықтан, инвесторлардан оны дамыту мақсатында нақты міндеттемелер бекітілді, орындалмаған жағдайда қатаң айыппұл санкциялары қарастырылған.
— Аталған шарттармен келіспегендіктен, инвесторлар әуежайды сенімгерлік басқаруға алудан бас тартты, — деп ескертті ведомстводан.
Атап айтқанда, бұған дейін «Qazaq Air» авиакомпаниясын сатып алған вьетнамдық «Sovico Group» холдингі Түркістан әуежайын басқарудан ресми түрде бас тартты. Компания тек әуе тасымалдаушысын дамытуға баса мән беретінін түсіндірді.
Миллиардтаған субсидиялар және теміржол желісінің құрылысы
Мерзімнің шегерілуіне әуежай инфрақұрылымының дамуы себеп болды. Өңірде жүк кешенін кеңейту және жанар-жағармай базасының қуатын арттыру көзделіп отыр. Сол себепті теміржол желісінің құрылысы 2026–2028 жылдарға жоспарланған.
— Осыған байланысты әуежайды сенімгерлік басқаруға беру теміржол желісінің құрылысы аяқталғаннан кейінгі уақытқа жоспарланып отыр, — деп хабарлады облыстық жолаушылар көлігі басқармасынан.
Қазіргі уақытта халықаралық әуежай жолаушылар мен жүк тасымалының төмендігінен шығынға батып, өз шығындарын өзі өтей алмай отыр. Сондықтан облыстық бюджет қызметкерлердің жалақысын уақытша өз мойнына алды.
— 2026 жылы әуежай қызметкерлерінің жалақысына облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге қарастырылған, — деп түсіндірді Қуатжан Жұматаев.
Дегенмен, жөндеу жұмыстары мен тауарлар, қызметтерді сатып алу шығындарын әуежай өз кірісі есебінен жауып отыр.
Қазіргі уақытта Түркістан әуежайы Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау және Орал қалаларына тұрақты рейстерді ұшыруды жалғастырып отыр.
Әуежайға қосымша табысты Қытай, Еуропа және Таяу Шығыс арасында қатынайтын жүк ұшақтарының техникалық аялдамалары әкеледі. Ұшу кеңістігін кеңейту үшін мұнда «Ашық аспан» режимі енгізілген. Қазіргі кіріс әлі де өзін-өзі ақтауға жеткіліксіз.
Қарыз бен тендерсіз
Басқарма мерзімнің ауыстырылуын өңірдің қарыз жүктемесін арттырмайды деп сендірді. Әуежайды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бойынша салған түріктің «YDA Holding» холдингі алдындағы барлық міндеттемелер толық орындалған.
— МЖӘ келісімшартына сәйкес, әкімдік компаниямен құрылыс жұмыстары үшін толық есептесті. Әуежайды сенімгерлік басқаруға алатын болашақ инвестордың түрік мердігері алдында ешқандай міндеттемесі болмайды, — деп хабарлады ведомстводан.
Ведомство әуежайдың стратегиялық нысан екенін, сондықтан заң талабына сай сенімгерлік басқаруға тендерсіз берілетінін атап өтті. Ал бұл активті басқа аймақтық әуежайлармен бір пакетке біріктіру нұсқасы қазір қарастырылып жатқан жоқ.
Қолданыстағы меморандум
Мерзімнің шегерілгеніне қарамастан, инвесторларды тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ, облыс әкімдігі және «JanaPort Holdings Ltd» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум талқыланып жатыр.
— Меморандум аясында әуежай инфрақұрылымын дамытуға, басқару тиімділігін арттыруға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған бірлескен іс-шаралар атқарылып жатыр, — деп атап өтті «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ директор міндетін атқарушы Сәкен Мамырбеков.
Әуежайды инвесторға берудің шешуші шарттары Түркістан облысы әкімдігі мен Қазақстан Үкіметі деңгейінде талқыланады. Билік 2027 жылы сенімгерлік басқарушының келуі Түркістан әуежайының инвестициялық тартымдылығын көтеруге септігін тигізеді деп үміттенеді.
Еске салсақ, бұған дейін Қызылорда әуежайының вьетнамдық компанияның басқаруына өту-өтпейтіні туралы хабарлаған болатын.
Аяулым Қанатқызы