Түркістан-Кентау автожолы 4 жолаққа кеңейтілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутатының сауалына жолдаған жауапта Түркістан-Кентау бағытындағы теміржол мен автожол инфрақұрылымы қалай дамитынын айтқан.

- Қазіргі таңда Түркістан – Кентау автомобиль жолын 2 жолақтан 4 жолаққа дейін кеңейту мәселесін пысықтау үшін жол қозғалысының қарқындылығын есептеу жүргізілуде. Көлік министрлігі мен Түркістан облысының әкімдігі жолды қайта жаңартудың қарқындылығы мен экономикалық орындылығын белгілеу есебінің қорытындысы бойынша, бюджет қаражатының мүмкіндігіне қарай жобаны республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен тепе-тең негізде одан әрі іске асыруды қарайды, - деп жазылған жауапта.
Вице-премьер Түркістан-Кентау теміржол тармағын салу үшін қазір басым бағытта тұрған жобалар аяқталу керектігін айтады.
- Түркістан облысының Кентау қаласынан Созақ ауданына дейінгі жаңа теміржол желісінің құрылысы ағымдағы басым жобаларды іске асырғаннан кейін қаралады, - дейді Роман Скляр.
Оның сөзінше, басым бағыттағы жобалар мыналар:
- Достық – Мойынты» екінші жолының құрылысы;
- Алматы айналма жолы;
- «Дарбаза – Мақтаарал»;
- «Бақты – Аягөз» тармағы;
- «Мойынты – Қызылжар» желісі;
- «Қызылжар – Сексеуіл», «Шалқар – Бейнеу» учаскелерінде автоматты бұғаттау жүйелерін жаңғырту;
- «Бейнеу – Маңғыстау», «Алтынкөл – Жетіген» учаскелерін жаңғырту.
Бұған дейін Атырау облысының Ресей Федерациясымен шекарасындағы Құрманғазы ауданында 10 елді мекенге баратын жолға асфальт төселмегенін жазған едік.