Түркістан мен Шымкентте 48 адам рақымшылықпен бостандыққа шықты

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Рақымшылыққа іліккендер отбасымен қауыша бастады. 

Түркістан мен Шымкентте 48 адам рақымшылықпен бостандыққа шықты
Фото: Pexels

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық аясында Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты мекемелерде жазасын өтеп жатқан бірқатар азаматтарға қатысты ізгілікке негізделген шешім қабылданды.

ҚАЖ департаментінің мәліметіне сәйкес, өңірдегі түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 675 сотталғанның жеке іс-материалдары зерделеніп, рақымшылыққа ілікті. Оның ішінде 649 адамға қатысты жаза мерзімі қысқартуға ұсынылса, 52 адам толықтай босатуға жататыны анықталды.

Сот органдарына 381 адамның іс-құжаты жолданып, қазіргі таңда 72 істі қарау аяқталған. Нәтижесінде 48 сотталған азамат бостандыққа шығып, 14 адамның жаза мерзімі қысқартылды.

— Рақымшылық шарасы өмірлік қиындыққа тап болып, тағдыр тауқыметін тартқан азаматтарға қоғамға қайта бейімделуіне, өз өмірін қайтадан дұрыс арнаға бұруына мүмкіндік береді, — деп атап өтті Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Нұрлыбек Әлібекұлы.

Айта кетерлігі, рақымшылық аясында Шымкент қаласындағы № 78 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан екі сотталған әйел де сот шешімімен босатылды. Олардың кәмелетке толмаған балаларының бары ескеріліп, бұл істерге ерекше тұрғыдан қаралды. Бостандыққа шыққан аналар көзіне жас алып, істеген істеріне өкініп, алдағы уақытта балаларына жақсы тәрбие беруге және қоғамға пайдалы болуға ниетті екенін жеткізді.

Айта кетейік, бұдан бұрын Қарағанды облысында 500-ден астам жазасын өтеушіге рақымшылық заңы қолданылуы мүмкін екендігін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар