Түркістан облысы Аустралия тәжірибесімен ет кластерін дамытады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында заманауи мал биржасы, бордақылау кешені, ет өнімдерін терең және қайта өңдеу бағытында 5 жаңа жоба жүзеге асады. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды айтып берді.

Спикердің айтуынша, Түркістан облысы ет экспорты бойынша елімізде көшбасшы саналады.
«Экспорттағы ірі қара мал етінің 80%, қой етінің 75% біздің өңірге тиесілі. Аустралия елінің тәжірибесінде ет кластерін дамытуды жоспарлап отырмыз. Заманауи мал биржасы, бордақылау кешені, ет өнімдерін терең және қайта өңдеу бағытында 5 жобаны жүзеге асыру көзделуде», — деді Д. Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде.
Бұл бағытта 55 млрд теңге инвестиция салынып, 600 жұмыс орны құрылды және 35 мың тонна өнім шығарылатын болады.
Сонымен бірге, сүт өндірісін ұлғайту, өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыру бойынша 7,8 млрд теңгеге 2 ірі тауарлы сүт фермасы іске қосылды.
Айта кетейік, Түркістанда шетелге жұмыс күштерін дайындайтын Арнайы орталық ашылды. Бұл орталық Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяда жұмыс істегісі келетін азаматтарды оқытып, дайындайды.
Түркістан қаласында 147 млрд теңгеге мақтаны терең өңдейтін ірі зауыттың құрылысы басталды. Зауытта 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, жылына 13 мың тонна иірілген жіп, 50 миллион метр үй тоқыма бұйымдары, 7 миллион дана төсек-орын шығарады.
Сондай-ақ, облыстағы индустриялық аймақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында индустриялық аймақтарда электр энергиясы тарифі 47 теңгеден 25 теңгеге дейін арзандатылды.