Түркістан облысында 15 мыңға жуық өрт қауіпсіздігі ережесі бұзылған
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Жыл басынан бері өңірде 346 өрт тіркелген. Салдарынан 7 адам қаза тауып, тағы 7 адам жарақаттанған. Өрттен келген материалдық шығын 1 млрд 265 млн теңгеден асқан.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өткен жылыту маусымында өңірде улы газдан уланудың 3 дерегі тіркеліп, 6 адам көз жұмған, тағы 3 адам жарақат алған.
Ведомствоның хабарлауынша, 15 тамыз бен 5 қазан аралығында облыс аумағында «Өрт қауіпсіздігі» акциясы өткізіліп, оның аясында әлеуметтік осал топқа жататын 27 294 адам есепке алынды.
– Мамандар осы санаттағы азаматтардың үйлерін аралап, қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексерді. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің 14 739 бұзушылығы анықталды. Оның басым бөлігі электр жабдықтарын пайдалану талаптары мен пеш мұржаларына қатысты болды. Қазіргі уақытта кемшіліктерді жою бойынша қайта тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – делінген департамент ұсынған мәліметте.
Сондай-ақ жыл басынан бері өңірде газбен жабдықталған 1600-ге жуық жеке тұрғын үйге улы газды анықтайтын сигнализаторлар орнатылған. Департамент өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті атқарушы органдар мен демеушілердің қолдауымен жалғасады.
Еске сала кетсек, бұған дейін елімізде жыл басынан бері тұрғын үйлерде 4,8 мыңнан астам өрт шыққанын жазған едік.