Түркістан облысында 3,7 млрд теңгені жымқырған білім саласының қызметкерлері сотталды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Шардара аудандық білім бөлімінде мемлекет қаржысын жымқыру дерегіне байланысты қылмыстық іс қаралып, сот үкімі шықты. 

Түркістан облысында 3,7 млрд теңгені жымқырған білім саласының қызметкерлері сотталды
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Бұл іс бойынша барлығы 14 айыпталушыға қатысты сот үкімі шықты. Оның ішінде білім бөлімі қызметкерлерінің тоғызы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Кішкентай баласы бар екі сотталушыға жазасын 5 жылдан кейін өтеу құқығы берілді. Сондай-ақ екі айыпталушы 2 жылға бас бостандығынан шектелсе, біреуі рақымшылыққа ілігіп, жазадан босатылды. Іс анықталып жатқан кезеңде бір сотталушының қайтыс болғаны белгілі болды.

Тергеу дерегінше, мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі 3,7 млрд теңге. Қазіргі таңда оның 70 млн теңгесі ғана өндіріліп қайтарылған. Сондай-ақ, сот шешімімен сотталушылардың қымбат көліктері, пәтерлері және өзге де жылжымайтын мүліктері мемлекет меншігіне тәркіленді.

Аталған үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте психотроптық зат дайындауға әрекет жасаған адам 8 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар