Түркістан облысында 896 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Өңірде жаздық дақылдарды егу жұмыстары басталды.

Түркістан облысында егіс науқанына дайындық және ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету жұмыстары басталды. Биыл 896 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26 мың гектарға артық.
Егістік алқаптарының құрылымы:
•Жаздық дақылдар: 518 мың га
•Күздік дақылдар: 204 мың га
•Көпжылдық шөптер: 174 мың га (жоңышқаны қосқанда)
Фермерлерге қолдау көрсету
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін дизель отынының жеңілдетілген бағасы белгіленген. Яғни, литрі 254 теңге. Бұл нарықтық бағадан 13-15 пайызға төмен.
— Өңірлік операторлар арқылы дизель отынын үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ жергілікті шаруаларға минералды тыңайтқыштар мен сапалы тұқымның дер кезінде жеткізілуіне кепілдік беру маңызды. Суды үнемдейтін технологияларды қолдануды кеңейтуге ерекше назар аудару қажет, - деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Су инфрақұрылымы
Облыста суару тиімділігін арттыру үшін ұзындығы 59 шақырымды құрайтын 12 су айдынына күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұл бағытта Ислам даму банкі жаңғыртуға 5,4 млрд теңге бөлді.
Жұмыстың негізгі бағыттары:
•166 шақырым каналды бетондау («Тұран су»),
•10 су нысанын «Қазводхоз» балансына беру,
•130 шақырым каналды қосымша бетондау,
•21,8 шақырым каналды механикалық тазалау.
Ұзындығы 4 265,4 шақырымды құрайтын 25 су қоймасы, бір су реттегіші және 269 каналды күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
Су ресурстарының жағдайы
Түркістан облысында егістік алқаптарын суару үшін жыл сайын 4,9 миллиард текше метр суармалы судың лимиті белгіленуде. Алайда облыстың суармалы суға деген нақты сұранысы 5,8 миллиард текше метрге жетіп отыр.
Қажетті су көлемінің 63 пайызы – 1 116 миллион текше метр көршілес елдерден келеді.
Бүгінде Шардара су қоймасы 87 пайызға толған. Қызылқұм магистральдық каналы секундына 125 текше метр су түсуде.
Айта кетейік, бұдан бұрын СҚО-да диқандар биыл егістікті азайтып, майлы дақыл мен көкөніс алқабын ұлғайтып жатқанын жазған болатынбыз.